Үкімет азаматтар мен бизнесті қолдаудың қосымша шараларын қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жаңа «Жұмыспен қамтудың жол картасын» қаржыландыру 1 трлн теңгеге ұлғайтылды. Бұл 240 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Үкімет отырысында премьер-министр кәсіпкерлерді қолдау үшін салықтық жеңілдіктер қабылданғанын айтты. Олар экономиканың түрлі салаларын қамтиды, оның ішінде: сауда, қоғамдық тамақтану, қонақ үй және туристік бизнес, сондай-ақ қызмет көрсету секторының басқа да салалары бар. Салықтан босату, мөлшерлемелерді төмендету түрлі мерзімге және 700 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісіне қолданылады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасы бойынша Үкімет әлеуметтік-экономикалық болжамын әзірледі. Республикалық бюджеттің жобасы дағдарысқа қарсы шараларды толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді. мемлекет басшысының барлық тапсырмалары қажетті қаржыландырумен қамтамасыз етілген және уақытылы орындалады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы аталып өткен шараларды қолдап, олардың маңыздылығын атап өтті», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.
Дегенмен тұрақсыз сыртқы экономикалық жағдай, жаһандық рецессия және коронавирустың салдарынан іскерлік белсенділік баяулаған. Соңғы күнде мұнай бағасының бір баррелі 22 долларға дейін түсті. Осыған байланысты мұнай өндіру бойынша болжам 86 млн. тоннаға дейін азайтылған. Бұл тау-кен өнеркәсібі өндірісінің төмендеуіне әкеледі деген болжам жасалуда. Сонымен қатар, бірқатар салаларда өсу қарқыны бәсеңдейді деп күтілуде. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, құрылыста және көрсетілетін қызметтер секторында, оның ішінде саудада жоспар орындалмауы мүмкін. Экспорт 16,3 млрд. долларға төмендесе, импорт 7,5 млрд. долларға төмендейді дейді жауапты министрлер.