Ұлттық банк пен KASE теңге бағамы туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Хабарламада өткен тәулікте жаһандық қаржы нарықтарындағы жағдай айтарлықтай құбылған.
"Brent маркалы мұнай бағасы бір күн ішінде 14 пайызға және жыл басынан 60 пайызға төмендеп, барреліне 25 долларға жетті. Әлемдік қор және валюта нарықтарында құлдырау жалғасып жатыр. Ресей рублі бір күнде 7,3 пайызға, ал жыл басынан бері - 30 пайыздан асып құлдырады.
Осы жағдайларда ішкі валюта нарығына сыртқы факторлардың тұрақсыздандыратын әсерін шектеу үшін және Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында Ұлттық банк "Қазақстан қор биржасы" АҚ-мен бірлесіп, Франкфурт аукционы нысанында 2020 жылғы 19 және 20 наурызда теңге-доллар валюталық жұбы бойынша сауда-саттық өткізу туралы шешім қабылдады.
Франкфурт аукционы түріндегі сауда-саттық өткізу туралы шешім клиенттердің өтінішін қанағаттандыруға және валюта нарығындағы жағдайдың тұрақсыздығына жол бермеуге мүмкіндік береді", - делінген хабарламада.
Сауда-саттықтың одан әрі режимі туралы ақпарат кейінірек беріледі.
Бұған дейін Нұр-сұлтан мен Алматының айырбастау орындарының көпшілігі доллар сатудан бас тартқаны хабарланған. Кейбір пункттер америкалық валютаға 482 теңге бағасын белгілеген.