Мәжіліс салық жүктемесін азайтуға бағытталған құжатты мақұлдады. Заң жобасын Ұлттық экономика министрі таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әлібек Қуантыровтың айуынша, қазір еңбекақы қорынан мөлшерлемелерді есептеу базалары әртүрлі бірнеше төлемдер арқылы жүргізіліп келеді. Оларды бір төлемге біріктіру ұсынылған. Оны арнаулы салық режимдеріндегі микробизнес және шағын бизнес субъектілері ерікті негізде қолданатын болады. Сома бірыңғай жиынтық төлем тетігіне ұқсас бөлінеді. Бұл еңбекақы төлемдерін есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға да мүмкіндік береді.
«Бірінші блок – еңбекақы қорына жүктемені азайту. Мемлекет басшысы былтырғы Қазақстан халқына Жолдауында жиынтық жүктемені азайта отырып, микробизнес және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлемді енгізуді тапсырған болатын. Әлеуметтік аударымдар мөлшері қызметкерлерге төленетін болашақ төлемдерге әсер ететіндіктен, жүктемені жеке табыс салығы есебінен азайту көзделіп отыр», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.