Алматы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының басшысы Ардақ Самамбетов «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар аясында әкімдіктің жаңа құзыреті туралы әңгімеледі, деп хабарлады Almaty.tv.
Ардақ Самамбетов қаланың инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында мемлекеттік қажеттілік үшін жер телімдерін қайтару тетігінің енгізілетінін айтты. Жалпы, Алматы қаласында бүгінгі күнге дейін жердің 95%-ы жеке меншіктің қолында.
Айта кетерлігі, мемлекеттік қажеттілікке қайтарылатын жер телімдеріне қатысты оқиғалар тізбелері Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңында бекітілген. Аталған заңнамалық актілерде жер телімдерін немесе басқа да мүліктерді қайтаруға мәжбүрлеу немесе тоқтату оқиғалары, қағидаттары жан-жақты түсіндірілген. Осыған орай, «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар әрбір істі нақтылайды әрі ҚР заңнамасына сай қабылданған.
А. Самамбетов айтып өткендей, жер телімдерін қайтару көлік, энергетикалық инфрақұрылымдарын салуға және басқа мәселелерге қатысты болуы мүмкін. Мысалы, қазіргі кезде көлік инфрақұрылымын, әлеуметтік және энергетикалық нысандарды салуды дамыту бойынша 21 жоба жұмыс үстінде.
Олардың арасында Сейфуллин даңғылы-Жансүгіров көшесі, Рысқұлов даңғылы-Емцов көшесі бойындағы бірқатар ірі жолайрықтары, Абай даңғылын үңгілеу бар. Бұл тізім толығатын болады.
Айта кетерлігі, Ардақ Самамбетов жер телімдеріне өтемақы нарықтық баға бойынша жүзеге асатынын қадап тұрып айтты.
«Өтемақыға келер болсақ, жер телімдерінің ақысы кадастрлық баға немесе нарық бағасынан төмен келісім бойынша есептелгенде бізде проблема болды. Алматы әкімдігінің бастамасы бойынша аталған заңға өткен жылдың басынан бастап өзгерістер енгізілді. Біз мемлекеттік қажеттілік үшін қайтарып алынатын мүлікке өтемақыны тек нарықтық баға бойынша төлейміз. Сондықтан қазіргі кезде бізде өтемақыға қатысты проблема жоқ», - деді А. Самамбетов.