Алматыда халықаралық сауда форумы өтті. Іс-шарада көршілес онға жуық елден келген 300 делегат бас қосты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жетекші сарапшылар электронды коммерцияның негізгі трендтерін, импорт және экспорт саласындағы практикалық мәселелерді талқылады. Сондай-ақ форум аясында франшиза көрмесі ұйымдастырылды.
– Біз қиындықтарға қалай қарсы тұрамыз және мүмкіндіктерді қалай жасаймыз? Менің ойымша, бұл сұрақтарға ашықтық және ынтымақтастық деп екі сөзбен жауап бере аламыз. Әлем қазір көптеген қиындықпен бетпе-бет келгені белгілі. Бұл мәселелердің барлығын елдер арасындағы тығыз ынтымақтастық арқылы ғана шешуге болады, – деді ҚХР Алматыдағы бас консулы Чжан Вэй.
Бизнес-хабтың негізгі тақырыбы электрондық коммерция, франчайзинг, логистика және жеткізу тізбегіне арналды. Қазақстанның сауда өкілдері Алматы бүгінде шетелдік кәсіпкерлер үшін қаржы, сауда және туристік орталық екенін атап өтті. Тіркелген заңды тұлғалардың саны 2023 жылдың 1 қазанында шамамен 15 мыңға жеткен.
– Алматы, Қазақстан арқылы халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік бар. Пандемиядан кейін ынтымақтастық қалпына келуде. Бизнес түрлері әлемдік аренаға шығуға дайын. Сондықтан биыл шетелдік делегациямен көптеген кездесу өткіздік, – деді Кәсіпкерлер палатасының халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Айнұр Баспақова.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда сүт өнімі қымбаттады