Қазақстанда бензин мен дизель қымбаттайды. Мұқым ел жиі тұтынатын АИ-92 мен АИ-93 жанармайының литрі бөлшек саудада 205 теңгеден сатылады. Бұл туралы Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыдағы жанармай бекетінің алдында кезекте тұрған жұрттың бәрі – тауар тасымалдаушылар. Олардың бірі Шымкенттен, енді бірі Ресейден келген. Алыс жолдан отыны сарқылған олар дизель таппай жүр. Себебі бекеттердің бәрі талон сұрайды.
«Ешқандай талон жоқ. 2 сағат болды кептеліс жасап, осында тұрғанымызға, Әрең жетсек, дизель жоқ. Барлық жерге бардым», – деді көлік жүргізушісі Ратбек Істілеуов.
Талоны барлар дизель отынын еш қиындықсыз алып жатыр. Ал талоны жоқтар дәл осылай жанармай бекетінің алдында кезекте тұруға мәжбүр. Себебі көбінде лимит біткен.
Ал Энергетика министрлігі талонның орнына карта жүйесін енгізу жұмысы жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Қазір ірі станциялармен, компаниялармен ақылдасу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Қазақстан бойынша бір карта болуы мүмкін», – деді ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов.
Елдегі дизель отынының тапшылығының басты себебі – бағадағы теңсіздік. Яғни, өзгелермен салыстырған Қазақстандағы баға арзан. «Өнімді тұтыну көлемінің артуы да, шетелге көлеңкелі жолмен экспортталуы және Қазақстан арқылы өтетін транзиттік көлік ағыны да теріс әсерін тигізіп жатыр» дейді шенеуніктер. Айта кетсек, Қазақстан – әлемдегі жанармайы ең арзан 10 елдің қатарында.
Оразай Нұртайұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы