Ұлттық банктің басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов алдағы бес жылда елдегі инфляция қалай құбылатыны туралы болжам айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Базалық сценарийдегі болжам айтарлықтай қайта қаралды. 2022 жылдың соңына дейін инфляция 20-21% шегінде қалыптасады. Біз 2023 жылғы 1-тоқсанда жылдық инфляцияның шарықтау шегіне жететінін болжаймыз. Сауда құрылымындағы өзгерістердің ұзаққа созылуы тұтыну тауарларының азық-түлікке жатпайтын сегментінде көрініс тауып отыр. Салдарынан инфляцияның артуына себепкер болатын алғышарттар қалыптасып отыр. Дезинфляциялық сыртқы ортада инфляция бойынша болжам 2023 жылдың соңына қарай 11-13%-ға дейін көтерілді. 2024 жылы инфляция 7-9%, 2025 жылы 4-6% шегінде болжанады», - деді Ұлттақ банк басшысы.
Оның мәліметіне қарағанда, ішкі сұраныстар инфляцияның қазіргі деңгейінде қалуына қолайлы жағдай туғызуы мүмкін. Дегенмен, уақыт өте келе дәнді дақылдардың бағасы тұрақтанып, бұл фактор инфляцияның төмендеуіне ықпал етуі ықтимал.
«Бұл инфляцияның біз болжап отырған межеге жетуіне мүмкіндік береді», - деді Ғалымжан Пірматов.
Дереккөз: ҚазАқпарат