|
22.04.2019 | 17:30
8686

Алматыда Hyundai автомобильдерін шығаратын зауыт салынады

Алғашқы автомобиль 2020 жылы шығады

Алматыда Hyundai автомобильдерін шығаратын зауыт салынады

Кәсіпорынды қаладағы Индустриалды аймақ маңында «Астана Моторс» компаниясы тұрғызбақ. Зауыттың алғашқы іргетасын құюға Оңтүстік Кореяның Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Сон Юн Мо және еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өндірісті салуға қала тарапынан дайын инфрақұрылымдары бар 25 гектар жер бөлінді. Қала әкімі Бауыржан Байбек өзінің құттықтау сөзінде бүгінгі таңда мегаполистің жоғары инвестициялық тартымды қала ретінде қалыптасқанын атап өтті. Оған тек 3 ай ішінде ғана шетелдік инвестициялар 22 пайызға артып, 111 миллиард теңгеге жеткені дәлел бола алады.

«Тәуелсіздік алғалы бері елімізге Оңтүстік Кореяның компаниялары көп инвестиция құйған. Бүгіннің өзінде бізде 326 кәріс компаниясы жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде 61-і – бірлескен компаниялар. Зауыттың ашылуы біз үшін өте маңызды. Себебі олардың тарапынан 60 миллион доллар ақша салынып, 700-ден аса жаңа жұмыс орындары ашылады», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Шараға жиналғандар бұл Қазақстан үшін машина жасау индустриясын дамытудағы маңызды стратегиялық қадам екенін айтты. Себебі, зауыттың өнімдері ішкі нарыққа, сондай-ақ, экспортқа да шығырылмақ. Алғашқы кезеңде зауыт 30 мың көлік шығарса, ал екінші кезеңнен бастап жылына 45 мыңға дейін көбейту жоспарлануда. Зауытта дәнекерлеуші, бояушы, жинақтаушы, пластикалық панельдерді өндіруші цехтар мен сапаны бақылау учаскесі болады. Кәсіпорын Оңтүстік Корея мен Жапонияның жаңа технологиялы қондырғыларымен жабдықталады. Зауытта Hyundai көлігінің барлық модельдері жасалады. 2019 жылдың соңына дейін өндірістік цехтарды салу жоспарланған, ал зауыт конвейерінен алғашқы автомобиль 2020 жылы шығады.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир