|
18.10.2023 | 18:48
5118

Биыл ел экономикасының өсімі 5 пайызға дейін жетуі мүмкін

Үкіметінің алдында жалпы ішкі өнім мөлшерін екі есеге ұлғайту міндеті тұр

Биыл ел экономикасының өсімі 5 пайызға дейін жетуі мүмкін Almaty.tv

Биыл ел экономикасының өсімі 5 пайызға дейін жетуі мүмкін. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Республика күні қарсаңында жауапты ведомство өкілдері оң нәтиже құрылыс, сауда және ақпараттық байланыс саласында байқалғанын атап өтті, деп хабарлайды тілшісі.

Қазақстан – Орталық Азиядағы экономикасы ең қарқынды дамып келе жатқан ел. Мәселен, аталған аумақта өндірілетін өнімнің жартысына жуығы – біздің үлесімізде. Былтырдың өзінде отандық кәсіпкерлер жалпы сомасы 104 триллион теңге болатын тауарды шығарыпты. Үлкен көрсеткіш. Бірақ бұл деңгейге жетудің астарында сан жылғы мемлекеттің саясаты, өндіру-өңдеудің қиындығы жатыр. Өйткені, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл көрсеткіш тіпті құрып кетудің аз алдында болған.

– 1990 жылдағы реформалардың арқасында Қазақстанның экономикасы өсті. Экономиканың өсуі емес, көрші елдер тізерлеп, құлап жатқанда, елді аман алып шығу үшін де күш керек болды.  1990 жылдағы жасаған жұмыстың арқасында 2000 жылы да Қазақстан ішкі өнімнің 10 пайыздық өсіміне қол жеткізді, – деді экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шәмен.

Мемлекет 2003 жылдан бастап ауыл шаруашылығын дамытуға түбегейлі ден қойды. Агроөнеркәсіпке арналған алғашқы бағдарламалар жасалды. Ал шаруаларға берілетін субсидия 3,5 млрд теңгеге жетті. Бүгінде бұл цифр 100 есеге өсіп, 350 млрд теңгеге жеткен.  

– Біз қазіргі күннің өзінде тек өңірді емес, Азияның орталық және оңтүстігіндегі елдерді азық-түлік өнімдерімен қамтып отырмыз. Қазақстан – астық пен ұнды өндіретін ең ірі мемлекеттердің қатарында. Логистика мен баға саясатын да осы деңгейге дейін көтеру міндеті тұр, – деді экономист Рахман Алшанов.

Бұған дейін біздің ел индустриялық-инновациялық дамуға аса мән берді. Ендігіде, бұл қатарға көлік-логистика қосылмақ. Ал алғашқы жылдардағы жекешелендіру мен ұлттық валютаның енгізілуі, экономикалық бірқатар фактордың заң аясында қолға алынуы – мемлекетке инвестиция тартуға сенімді кепіл болған еді. Тек 2022 жылдың өзінде Қазақстанға 28 млрд доллар кіріс кірді десек, мұның өзі басқа жылдармен салыстырғанда 17 процентке көп болып отыр.

– Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 млрд долларға жетті.  Оның 84 млрд доллары экспорт. Сыртқы қорымыз 100 млрд долларға жуықтады. Бұл ең алдымен экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазір ел Үкіметінің алдында жалпы ішкі өнім мөлшерін екі есеге ұлғайту міндеті тұр. 2029 жылға дейін жүзеге асуы тиіс деген бұл жоспардан бөлек, алдағы 2 жылда өндірісті 6 пайызға арттыру да жүктелген. Бұл ретте басты назар өңдеу өнеркәсібі мен көлік инфрақұрылымына, кәсіпті қолдау саласына бағытталмақ.

Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Республика күні: Алматыдағы еріктілер игі істер марафонын бастады


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир