|
08.01.2024 | 18:49
2053

Кәсіпкер әлеуметтік төлемді мемлекет үшін емес, өзі үшін төлейді – Айбар Олжай

Жеке кәсіпкер ай сайын кем дегенде 17 мың 425 теңге төлеуі шарт

Кәсіпкер әлеуметтік төлемді мемлекет үшін емес, өзі үшін төлейді – Айбар Олжай Almaty.tv

Қазақстанда енді «бірыңғай жиынтық төлем» деген түсінік болмайды. 1 қаңтардан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтардың барлығы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, міндетті әлеуметтік төлемдерді ай сайын енгізіп отыру керек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық Айдар Масатбаев – бірыңғай жиынтық төлем жүйесінің шарапатын көргендердің бірі. Жұбайы екеуі үйде отырып, HR саласында кеңес берумен айналысқан. Кейін бұл істері ілгерілеп, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қатарына еніпті. Енді жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ары қарай да жұмысын жалғастырмақ.

– Кәсіпкердің уақыт өте келе, өсетіні белгілі. Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға кәсіпкерлікті тіркеу жұмысы жеңілдетілгенін көріп отырмыз. Барлығы онлайн, бір қосымша арқылы жасалады. Салық органдарымен қарым-қатынас жақсара түскенін байқадық. Сондықтан біз сияқты өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға жұмысты тоқтатпай, ары қарай жалғастыру оңай болып отыр, – деді қала тұрғыны Айдар Масатбаев.  

Бірыңғай жиынтық төлем деген ұғым 2019-2023 жылдар аралығында жұмыс істеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ай сайын тек 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем жасап келді. Мұндай санаттағы азаматтар саны былтыр 280 мыңды құрады. Енді бұл кісілер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ай сайын кем дегенде 17 мың 425 теңге төлеуі шарт. Міндетті зейнетақы жарнасы 8 мың 500 теңге, әлеуметтік төлемдер 2 мың 975 және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 5 мың 950 теңге төлейді. Кірістер комитетінің мамандары бизнес иелері бірнеше салық режимінің ішінен ыңғайлысын таңдап, жұмысын жалғастыра алатынын айтты.

– Оңайлатылған декларация салығы негізіндегі салық режимі бар. Оның мөлшерлемесі 3 пайыз, ал бөлшек салық негізіндегі арнаулы салық режимі бар. Оның мөлшерлемесі 4-8 пайыз болып өзгереді. Бірақ Қарағанды, Қызылорда облыстарында мөлшерлемені 2 пайызға дейін де төмендеткен. Ал Астана қаласында 3 пайызды құрап отыр, – деді ҚР Қаржы министрлігі Кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева.

Экономист Айбар Олжай «кәсіпкер әлеуметтік төлемді мемлекет емес, өзі үшін төлейді» дейді. Салықтан бұрын медициналық, әлеуметтік, сақтандыру сынды қорға азаматтың өзіне керек дүние болғандықтан, ақша құйып отыру маңызды.

– Төлем көбейеді. Баяғыда 4900 теңге төлеп келсе, енді 17 мың теңге, 1 пайыз салығы бар. Бірақ төлемнің барлығын мемлекет алып отырған жоқ. Ол азаматтың өзінің қажеттілігіне, әлеуметтік, сақтандыру қорына түседі. Ауырса, мүгедек болып қалса, әлеуметтік сақтандыру қорына ақшаны өзі жинап, толтыра беріңдер деп отыр, – деді экономист Айбар Олжай.

Қазақстанда кәсібін заңдастырмай жұмыс істеп, салық төлемей отырған азамат анықталса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Алғашында ескерту берілсе, кейін 55 мың теңгеден бастап айыппұл салынады.

Егер сіз жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, ақша табамын десеңіз, сіздің табысыңыз ең төменгі айлықтың 12 еселенген мөлшерінен аспауы керек. Яғни, биыл ең төменгі айлық 85 мың теңге болып бекітілді. Сәйкесінше сіздің тауып отырған ақшаңыз 1 миллион 20 мың теңгеден көп болмауы қажет. Сонда сіз жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, жұмысыңызды жалғастырсаңыз болады. Ал аталған сомадан артық қалтаңызға бір теңге түссе, сіз кәсіпкер болып есептелесіз де, салық пен әлеуметтік төлем төлеуге міндеттелесіз.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Несиеге қатысты заң жобасы қандай мәселені шешуге көмектеседі

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир