Қазақстанда жаңадан сауда орындарын ашам дейтіндерге мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болады. Сауда министрлігі ақшаны алдағы қазаннан бастап бермек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сауда нүктелерін жаңартуға, ашуға, дүкен салуға немесе сауда саласына қажетті IT бағдарламаларды дайындауға ниетті кәсіпкерлерге мемлекет қаржылай көмектеспек. Бұл қолдау түрі алдағы қазанда беріле бастайды. Егер облыс орталықтарында модернизация жасаймын дейтіндерге 3 миллиард теңгеге дейін беріледі. Ал моноқалалар мен шағын елдімекендерде базар ашқысы келетін кәсіпкер 1,5 миллиард теңге алса болады. Алайда бұндай қолдау көрсетілгеннен кейін мемлекеттің де өзінің талабы бар екен.
– Олар ең алдымен өзінің сауда обьектілерінің 20 пайызын отандық азық-түлік өніміне арнауы керек. Екіншіден, 20 пайыз сауда сөресін отандық тауар өндірушілердің азық-түлік емес тауар түрлеріне арнауы керек. Одан бөлек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына арналған арнайы тауар сөрелерін ұсынуы керек, – деді ҚР Сауда министрлігі комитетінің ресми өкілі Тойгүл Жұбанисова.
Заң бойынша сауда орындарындағы сөрелерде 30 пайыз отандық өнім тұруы керек. Мемлекеттен қолдау алған кәсіпкер сөресін тағы 20 пайызға отандық өніммен толтырып, бұл көрсеткіш 50 пайызға жетпек. Осылайша, жауаптылар отандық тауар өндірушілерге де жағдай жасамақшы. Мұндай тапсырманы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында берген. Президент пәрмені демекші, Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібінде тың технологияны қолданудың маңыздылығын да айтқан. Қазақстанда еңбек өнімділігін арттыру үшін кей зауыт роботтарды қолдана бастады. Смарт-жабдықты пайдаланғысы келетіндерге де мемлекет жәрдемдесіп, қолдау көрсетіп жатыр.
– Бізде қаржылай көмек қарастырылған. Робот алса, оны іске қосатын қажетті жапон мамандарын шақыртса немесе түрік елінен тігіншілер курс өткізсе, 40 пайызын ақшалай қайтарып береміз, – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитеті басшысының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов.
Өнеркәсіпті қолдау қоры арқылы үлкен кәсіпорындарға арзан пайызбен несие беріліп жатыр. Оның пайызының мөлшерлемесі 9 проценттен аспайды. Сонымен қатар шикізатты Қазақстанда өңдейтін кәсіпорындарға арзан бағамен беру шарасы қолға алынған. Соның нәтижесінде Қазақстанда өңделетін алюминий, мыс, қорғасын сынды металдардың өндірісі артты. Былтыр 60 мың металл өңделсе, биыл бұл көрсеткіш 70 мың тоннаға жетуі керек.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов Жетісу облысындағы қант қызылшасы алқабын ұлғайтуды тапсырды