Ауыл - ел бесігі: биыл 200 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді

Almaty.tv
Almaty.tv
Бағдарламаны Ұлытау және Алматы облысы жүзеге асыра алмай жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл елімізде ауылдардағы инфрақұрылымды жақсартуға 200 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл ақшаға 2 мыңға жуық жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлттық экономика министрлігінің ақпарына сай, 2019-2022 жылдар аралығында «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасына 326 миллиард теңге бөлініп, 3 мың 700-ден көп жоба жүзеге асырылған. Яғни бұл қаражатқа әлеуметтік ғимараттар жаңартылып, жолдар салынған, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары тұрғызылған. Ал биыл аталған бағдарламаға 200 миллиард теңгеге жуық ақша бөлінген. Оған 771 ауылдың жағдайын жақсарту көзделіпті. Оның ішінде Астананың іргесіндегі Қоянды ауылы бар.  

Астанадан 20 шақырым жерде орналасқан Қоянды ауылына жарық желілерін тартуға 700 мың теңгеден астам қаражат қарастырылған. Алайда елдімекенде мәселе көп.  

– Электр жарығы бірде бар, бірде жоқ. Қаншама техника күйді, – деді Қоянды ауылының тұрғыны Гүлмира Мұқайқызы.

– Шағын жолдарды ғана жасайды. Шаң, топырақтың ортасында тұрамыз. Астананың түбіндегі ауыл болса да, жағдай қиын, – деді Қоянды ауылының тұрғыны Камила Мұқатова.  

– Ауыз су халыққа жетпейді, кейде тоқтап қалады, кейде мүлдем жоқ, – деді Қоянды ауылының тұрғыны Қисап Әлібекұлы.

Президенттің бастамасымен қолға алынған «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы елдімекендердің жоғын түгендеп, жетіспейтін тұсын толтырып беруге бағытталған. Яғни инфрақұрылым жақсарады. Бюджеттен қомақты қаражат жұмсалып жатқан жоба 2027 жылға дейін жалғасады. Биыл бөлінген ақшаға ауылдардағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 244 жоба, 383 әлеуметтік нысан, ал ауыл арасындағы  жолдардыды жақсарту ісі бойынша 1 мың 200 жоба іске асырылып жатыр екен.  

– 2023 жылы «Ауыл ел бесігі» жобасы шеңберінде тағы да қосымша 198,2 миллиард теңге бөлініп, 1700-ден астам жоба іске асырылды. Салыстырмалы түрде қарағанда 2019 жылдан бері бюджеттен қаржыландыру 6-7 есе өсті, – деді ҚР Ұлттық экономика министрлігінің басқарма басшысы Айбар Қабдыр.

Қазақстандағы елдімекендерді дамытуға бағытталған «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасын Ұлытау және Алматы облысы жүзеге асыра алмай жатыр. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, аталған өңірлерде бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған, тендерлер уақытында ойнатылмаған. Осының салдарынан нысандарды тапсыру мерзімі кешіктіріліп жатыр.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Кохлеарлы имплант: Алматыда бірегей ота жасалды

Новости партнеров