Енді болат дәнекерлі құбырлар Алматыда өндірілмек. Бұған дейін бұл өнім Қытайдан тасымалданып келген. Қазақстанда баламасы жоқ жоба жайлы бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың жұмыс сапары кезінде белгілі болды. Премьер-министр сондай-ақ, қаланың экономикасына дем беріп тұрған индустриялды аймаққа барып, бірнеше әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кәсіпкерлік пен өндіріс. Бұл екеуі – мегаполис экономикасын республикадан көш ілгері етіп тұрған негізгі тетік. Алматыда бюджетке салық ретінде қомақты қаржы салып отырған бірнеше жеке меншік алып компания бар. Соның бірі - «Астана моторс» кәсіпорны. 2011 жылы жұмысын бастаған зауытта ауыр техниканың 20-дан астам түрі құрастырылады. Нысанның техникалық-базасымен танысқан Үкімет басшысы Әлихан Смайлов бүгін су жаңа жедел жәрдем көліктерінің кілтін қаланың денсаулық сақтау саласына табыстады.
Кәсіпорын ауыр жүк көліктектерінен бөлек, мектеп автобустарын да құрастыруды қолға алған. Зауыт ұжымы үшін бұл алғашқы тәжірибе. Қоғамдық көлікті алдымен Алматы қаласы әкімдігі мектептер үшін сатып алмақ. Кейіннен еліміздің басқа да өңірлеріне таратылады. Автобустың балалар үшін қауіпсіздігін алдымен Үкімет басшысы өзі мініп, тексеріп көрді.
«Алдағы уақытта 500-ге жуық автобус шығарамыз. 2024 жылдың көктем айында жаңа цех құрылысы пайдалануға берілсе, тағы да 1000-ға жуық жүк тасымалдау автокөлігін шығаратын боламыз», – деді компанияның бас директоры Бекнұр Несіпбаев.
Үкімет басшысы сондай-ақ, индустриялды аймақта орналасқан болат дәнекерлі құбырлар өндірумен айналысатын Valtherm зауытына да барды. Бұған дейін жылыту және су мен кәріз құбырларын Қытайдан тасысақ, енді бұл өнім түрі елде шығарылады. Кәсіп иесі ісін одан әрі дамытқысы келгенмен алюминийдің тапшылығы қолбайлау болып тұр екен. Премьер-министрмен кездесу кезінде кәсіпкер өз проблемасын айтып қалды.
«Біздің жоспар көп. Бірақ соны іске асыратын материал жоқ болып отыр. Алюминий сынықтарын елден бақылаусыз шығарудың жолын кесу туралы шаралар қабылдауыңызды сұраймыз», – деді компанияның директоры Андрей Паластров.
«Бұл зауыт импорт алмастыру жобаларының біреуі болып саналады. Өте маңызды. Мысалы жылына 20-25 миллион радиатор секциясын біз импорттайтын болсақ, енді бұл зауыттың қуаттылығы 15 миллион секция болса, біраз импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Былтыр 150 индустриялды жобаны іске асырдық. Мұндай жобаларды қолдауымыз керек. Алдағы уақытта кәсіпкер сұрап отырған қолдауды көрсетеміз», – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Қазір мына құрылысы қарқынды жүріп жатқан ғимарат еліміздегі ең ауқымды инфекциялық аурухана. 350 орынға арналған әлеуметтік нысанды тұрғызуға Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры қаржы бөлген.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша жылына 2 миллиард адам жұқпалы аурумен ауырады. Оның ішінде 50 миллионы адам қайтыс болады. Сондықтан осы инфекция қызметін жетілдіру, нығайту аса маңызды. Бұл жоба биылғы жылдың соңына дейін іске қосылу керек», – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов
Премьер-министр арнайы ат басын бұрған тағы бір ғимарат – қаладағы жасөспірімдерге арналған спорт кешені. Мұнда балалардың жаттығуы үшін заман талабына сай бар жағдай қарастырылған. «Мегаполис – еліміздің дамуы үшін маңызды шаһардың бірі» деді Әлихан Смайлов. Сол себепті жан-жақты қолдау шаралары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Ұлағат Арғын, Ялкунджан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы