Елімізде соңғы жылдары әуе апаттарының саны көбейген. Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің мәліметінше, 2012 жылдан 2024 жылға дейін бас-аяғы 68 оқиға тіркелген. Оның 26-сы қаралы жағдаймен аяқталып, 124 адам қаза тапқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тек соңғы 2 жылда ғана апат саны 2 есеге өсіпті. 2023 жылы 6 адам опат болса, 2024 жылы мерт болғандар саны 39-ға жеткен. Оның 38-і коммерциялық авиациядағы апатта, біреуі авиациялық жұмыстар кезінде қаза тауыпты.
Ең ауыр жағдайлардың бірі былтыр Ақтау маңында болды. Онда Azerbaijan Airlines әуе рейсі құлап, 35 жолаушы мен 3 экипаж мүшесі жан тәсілім етті. {
Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстан әуежайларында 29,4 миллион жолаушыға қызмет көрсетілген. Ал одан 2 жыл бұрын көрсеткіш 3,5 миллионға аз болған. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының деректеріне сүйенсек, былтыр әлем бойынша 40 миллион 600 мыңға жуық рейс орындалған. Бұл оның алдыңғы жылмен салыстырғанда 5,2 пайызға көп. Ал әуе оқиғаларының саны 42-ден 46-ға дейін өскен. Әлемде ұшақ апатынан көз жұмғандар саны 3 еседен асқан. Яғни 72-ден 244 адамға жетіпті. Зерттеулерге үңілсек, мұндай қайғылы жайттардың 80 пайызға жуығы негізінен адами фактордың салдарынан болатыны айтылады. Әуе кемесі техникалық жағынан 100 пайыз жабдықталып, ұшу үшін барлық жағдай жасалса да, көктегі қимылды, көріністі бақылай білу, сын сағатта дұрыс шешім қабылдау – ұшқыштың негізгі міндеті. Дегенмен, күн сайын мыңдаған әуе кемесі аспанға көтеріледі. Егер миллион рейс орындалды десек, соның 10 жағдайында ғана апат болуы ықтимал. Сондықтан да, ұшақтар - басқа қатынау құралдарына қарағанда әлемдегі ең қауіпсіз көлік болып табылады.
Оқи отырыңыз: Еңбек құқығы бұзылған қызметкер не істеуі керек - маман кеңесі