Жолдарды бақылау сапасы: Алматы облысында жаңа технологиялар мен жасанды интеллект енгізілуде

Биыл Алматы облысында жол жөндеуге 61 млрд теңге бөлінді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың шамамен 25%-ы талапқа сай емес. Мұндай деректі Жол активтері сапасының ұлттық орталығы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биыл Алматы облысында жол жөндеуге 61 млрд теңге бөлініп, оның 22 млрд теңгесі республикалық маңызы бар бағыттарға жұмсалды. Жазда жұмыс көлемі ұлғайып, жылжымалы зертханалар күн сайын сапаны тексеруге күш салған. Аймақ бойынша асфальтбетон сынамаларын талдау процесі толық автоматтандырылып, тексеру 100% цифрлық форматта жүргізіліпті. Биыл  700-ге жуық жол құрылыс материалдары алынған. Оның 25%-ы нормативтік құжаттар талабына сай келмеген. Нысандарда 158 ақау анықталып, оның бүгінде 70%- ы реттелді.

«Материалды сынақтан өткіземіз, сынақ зертханасында. Ол материалдардың стандартқа сай, сай емес екенін анықтап отырамыз. Былтыр  6000-нан аса сынақ жүргіздік. Жаңа технология келіп, цифрланған жүйе енгізілуде», – деді Жол активтері ұлттық сапа орталығының қызметкері Бейбарыс Жақатай.

Сапаны қамтамасыз етудегі маңызды бағыттардың бірі – зертханалық сараптама. Онда құм, қиыршық тас, асфальтбетон қоспаларына 200-ден астам зерттеу жүргізіледі. Бұл стандартқа сай келмейтін шикізатты дер кезінде анықтап, жол құрылысына жібермеуге мүмкіндік береді. Ал биыл орталық сараптамаларға QR-код арқылы анонимді таңбалау жүйесін енгізді.

«Жалпы 156 нысанда жұмыс жүргізіп жатыр. Оның барлығы сапа сараптамамен қамтып отыр. Биыл 650 сынама, жол-құрылыс материалдары алынды. Адами факторды барынша азайтып, есептердің бәрін автоматты түрде жүргізу үшін толықтай автоматтандырылған. Сапаға көбірек мән беріліп, жақсарып келе жатқаны байұалады», – деді Жол активтері ұлттық сапа орталығының филиал басшысы Ерболат Көштаев.

Сонымен қатар орталық Smart Road Diagnostic System атты жасанды интеллектке негізделген диагностика жүйесін кеңінен қолдануда. Бұл технология жолдың жағдайын жылдам әрі дәл бағалап, ақауларды жөндеу қажеттілігін автоматты түрде белгілейді.

Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов

Оқи отырыңыз: Елімізде соңғы жылдары әуе апатының саны көбейген

Новости партнеров