Қазақстан халықаралық банкпен жаңа келісім жасады

Almaty.tv
Almaty.tv

Серік Жұманғариннің айтуынша, қазір банкпен жалпы құны 2 миллиард долларға жуықтайтын тағы 6 жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр

 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар банкінен 6 миллиард долларға дейін қаржы тартады. Бұл қаражат көлік, энергетика және денсаулық сақтау салаларын дамытуға жұмсалады. Бүгін Мәжіліс депутаттары тиісті келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, жаңа қарыз мемлекеттік берешекке айтарлықтай салмақ салмайды. Қазір Үкіметтің қарызы жалпы ішкі өнімнің 20 пайызын құраса, мемлекеттік қарыз мөлшері 20,9 пайызды құрайды. Бұл белгіленген 32 пайыздық шектен әлдеқайда төмен. Еліміз аталған банкпен 2016 жылдан бері тығыз ынтымақтастық орнатып келеді. Осы кезеңде энергетика, экономикалық және фискалдық тұрақтылық салаларында жалпы сомасы 1,8 миллиард доллар болатын 7 жоба іске асырылды. Министр жаңа келісім қаржыны жеке жобаларға да бағыттауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бұл — өте үлкен өзгеріс. Енді жеке жобаларға да басымдық беріледі. Олардың аталған банктің аясына кіруге мүмкіндігі бар, сондықтан біз үшін өте тиімді. Келісімшарт ратификацияланғаннан кейін мемлекеттік кепілдік арқылы банкпен тікелей жұмыс істеуге жол ашылады», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Серік Жұманғариннің айтуынша, қазір банкпен жалпы құны 2 миллиард долларға жуықтайтын тағы 6 жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Олардың қатарында «Жезқазған – Қарағанды», «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» және «Атырау – Доссор» автожолдары, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жобасы бар. Министрдің сөзінше, бұл ынтымақтастық ұзақ мерзімді экономикалық өсімге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жеке секторды дамытуға қуатты серпін береді.

Айта кетейік, келісімді ратификациялау республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді. Сондай-ақ ведомство басшысы шетел валютасындағы қарыз бойынша бағам ауытқуынан туындайтын тәуекелді қарыз алушының өзі көтеретінін жеткізді.

«Қарызды кім алса, соның мойнында болады. Себебі валютамен қарыз алғаннан кейін ертең бағам өзгерсе, ол әсер етеді. Әрбір жобаның өзіне сай тәуекелі бар», – деді Серік Жұманғарин.

Оқи отырыңыз: Қазақстан Еуропалық конвенцияны ратификациялады