Жамбыл облысында әйелін ұрып келген ер адам қамауға алынды

Almaty.tv
Almaty.tv

Биыл отбасылық жанжалдарға қатысты облыстық полицияға 4 657 шақырту түскен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 4 657 шақырту түскен. Полиция отбасылық жанжал бойынша 69 қылмыстық іс тіркеді. Оның ішінде ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана зиян келтіру деректері бар. Тіпті әйеліне пышақ ала жүгіргендер де кездеседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Жүзін жасырған 40 жастағы келіншек 14 жыл бойы күйеуінен зорлық-зомбылық көріп келген. Айтуынша, жолдасы ішімдікке сылқия тойып алып, жиі қол көтерген. Бірнеше рет айыппұл салынып, қамауға алынса да, теріс әдетін қоймаған. Тіпті мойны мен оң жақ санына пышақ сұғып, басынан жарақат келтіргені салдарынан миы шайқалған әйел ауруханаға түскен. Ажырасқаннан кейін де мазасын алып, соққыға жыққан. Жәбір көрген келіншек сұқбат беруден бас тартты.

«Соңғы бір жыл бойы ер адам бұрынғы жұбайының тұрғылықты жеріне жүйелі түрде келіп, жанжал шығарған. Отбасы мүшелерін қорқытумен шектелмей, әйелді күш қолданып, бірнеше рет соққыға жығып, қорлаған. Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 110-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды», – деді Тараз қаласы прокуратурасының бөлім бастығы Биғиса Байгисиев.

Биыл отбасылық жанжалдарға қатысты облыстық полицияға 4 657 шақырту түскен. Олардың басым көпшілігіне әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған, ал 1 082 шақырту расталмаған. Кінәлілердің 606-сына ескерту жасалып, 592 құқық бұзушы 5-15 тәулік аралығында қамауға алынды, 43 адамға айыппұл салынды. Қазір аймақта арнайы құрылған бөлім түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға басымдық беруде.

«Профилактикалық жұмыс барысында учаскелік полиция инспекторлары 3 500-ден астам әкімшілік хаттама толтырды. Оның ішінде 2 570 абьюзерге қорғау нұсқамасы шығарылды. Сондай-ақ 300 дерек бойынша сот арқылы ерекше талаптар қойылды», – деді Полиция департаменті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Диляфруз Кенжеханова.

Аймақта зорлық-зомбылық құрбандарына арналған 2 орталық жұмыс істейді. Онда жыл басынан бері 70 әйел көмек алған. Олар бұл жерде жарты жылға дейін тұра алады. Дағдарыс орталықтарында ана мен балаға психологтар қолдау көрсетіп, түрлі үйірмелерге қатысуға жағдай жасалған.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Маңғыстаудағы қауіпті улану: Ысталған балықтан зардап шеккен баланың жағдайы әлі де ауыр