Қазақстанда электронды сауда көлемі артты

Жыл соңына дейін электронды сауданың бөлшек саудадағы үлесін 15 пайызға жеткізу көзделген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2020 жылдан бері Қазақстанда электронды сауда көлемі 7 есеге өсті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Соған қарамастан, мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш әлі әлемдік орташа деңгейге жете қоймаған. Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздің ішкі онлайн сауда айналымы 3,2 трлн теңге болып, 33 пайызға артқан. Яғни, нарыққа қосымша 0,8 трлн теңге келген. Жыл соңына дейін электронды сауданың бөлшек саудадағы үлесін 15 пайызға жеткізу көзделген. Ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 18,5 процентке дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар салада кәсіби стандарттар жаңартылып, маркетплейстерде «Қазақстанда жасалған» деген арнайы бөлімдер енгізілді. Бұл отандық тауарларды ілгерілетуге жаңа мүмкіндік бермек

«2025 жылғы 4 қарашада «Фулфилмент-орталықтар» ұлттық стандарты бекітілді. Ол келесі жылы 1 қаңтарда күшіне енеді. Стандарт сақтау, жеткізу, тапсырыстарды басқару және тауарды бақылау сияқты барлық негізгі процестерді қамтиды. Бұл сауда саласына инвестиция тартуға және электронды сауданың өсуіне елеулі ықпал етеді», – деді ҚР СИМ Ішкі сауданы дамыту департаментінің директоры Аңсар Оразалиев.

Электронды сауданың реттелуін күшейту мақсатында бірқатар заңнамалық өзгерістер енгізілуде. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы жаңа заң жобасында, электронды сауда алаңдарының ішкі қағидаларды қабылдауы, сатушылармен шарттар жасасуы, тауар туралы толық әрі дұрыс ақпарат, кепілдік, қайтару тәртібі, жеткізу және қауіпсіздік талаптарын сақтау міндеттері бекітілген. Платформалар тұтынушылардың өтінішін қарау сервисін қамтамасыз етіп, расталған бұзушылықтар кезінде сатушыларға шара қолдануы тиіс. Сондай-ақ сату және жарнамаға қатысты деректерді бір жыл бойы сақтауға, техникалық ақаулар туралы пайдаланушыларды хабардар етуге міндеттеледі.

 «Жаңа Салық кодексінде электронды сауда қызметінің ашықтығын арттыру шаралары күшейтілді. 2025 жылғы 18 қыркүйектегі № 509 бұйрықпен интернет-платформа иелерінің сатылған тауарлар мен қызметтер туралы деректерді мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну қағидалары бекітілді. Олар келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. Әділет министрлігі зияткерлік меншік объектілерін қорғау және құқықтарды күшейту бойынша түзетулерді пысықтау үстінде», – деді ҚР СИМ Ішкі сауданы дамыту департаментінің директоры Аңсар Оразалиев.

Оқи отырыңыз: Алматыда Жексенбаев көшесіндегі қозғалыс шектеледі

Новости партнеров