Мұнай өңдеу көлемі жылына 39 млн тоннаға жеткізіледі

Depositphotos
Depositphotos

Бұл туралы бүгін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мұнай өңдеу көлемі жылына 39 млн тоннаға жеткізіледі. Бұл туралы бүгін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

"Мұнай-газ саласындағы негізгі оқиға ретінде Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасының толық аяқталуын атап өтуге болады. Үшінші буын зауытының іске қосылуы жыл сайын мұнай өндіру көлемін 12 млн тоннаға арттырып, ұлттық экономика үшін экспорттық валюталық түсімнің тұрақты және ұзақмерзімді көзін қамтамасыз етеді. Ішкі нарықты реттеу мақсатында біз батыл қадамдарға бардық. Бағаны әкімшілік жолмен белгілеуден бас тартылып, Президенттің либерализациялау жөніндегі Жарлығына сәйкес нарықтық механизмдерге көштік. Бұл шаралар саланы жүйелі қалпына келтіру үдерісін бастауға мүмкіндік беріп, ішкі нарықты отынмен тұрақты қамтамасыз етуге және тапшылық туындау қаупін жоюға жол ашты", - деді министр БАҚ өкілдеріне арналған брифингіде.

Оның айтуынша, мұнай өңдеу саласын 2040 жылға дейін дамытудың нақты өндірістік бағдары бекітілді. Жұмыс қуаттылықты арттыру, өнім сапасын жақсарту және ғылыми негізделген технологияларды енгізу сынды негізгі үш қағидатқа сүйенеді.

"Біз мұнай өңдеу көлемін қазіргі 18 миллион тоннадан жылына 39 миллион тоннаға дейін жеткізу міндетін айқындадық. Осы мақсатта қолданыстағы үш мұнай өңдеу зауытын кезең-кезеңімен кеңейту көзделген. Бұл бағытта биыл нақты нәтижеге де қол жеткіздік. CaspiBitum зауытын жаңғырту жобасы толық аяқталды. Нәтижесінде зауыттың өндірістік қуаттылығы бір жарым есеге арттырылып, жылына 1,5 млн тонна мұнай өңдеу деңгейіне жетті. Сонымен қатар, битум өндіру көлемі жылына 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Бұл жол құрылысы саласының сапалы битумға деген ішкі сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берді", - деді ол.

Министрдің дерегінше, Шымкент мұнай өңдеу зауытын 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін, Атырау мұнай өңдеу зауытын 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін және Павлодар мұнай-химия зауытын 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін кеңейту жұмыстары жоспарлы жалғасып жатыр. Сонымен қатар жылына 10 млн тонна мұнай өңдеу қуатына ие жаңа зауыт салу жобасына әлеуетті инвесторларды тарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

"Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы аясында мұнай өнімдерінің экологиялық талаптарын күшейту көзделіп, К5+ деңгейіндегі жоғары стандарттарға көшу бекітілді. Бұл қалаларындағы экологиялық ахуалды жақсартуға және халық денсаулығын қорғауға қосқан энергетика саласының нақты үлесі. Сонымен бірге, өндірісті ұйымдастыру тәсілдерін түбегейлі өзгертудеміз. Кешенді техникалық жаңғырту нәтижесінде мұнайды өңдеу тереңдігін 94 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік беретін озық технологиялар енгізіледі. Мұнай өңдеу мен мұнай-химия салаларын өзара ықпалдастыру арқылы қосылған құны жоғары өнімдер өндіру көзделіп отыр. Осылайша мұнай өндіру мен өңдеу арасындағы теңгерім сапалы жаңа деңгейге көтеріледі", - деді Ерлан Ақкенженов.

Оқи отырыңыз: Алматыда желілерді салу кезінде ереже бұзған мердігерлік компаниялар лицензиясынан айырылды

 

Новости партнеров