Алдағы дүйсенбі күні қасиетті Рамазан айы басталады. Барша мұсылман сауапқа кенелетін айда Алматыда қандай шаралар жоспарланған? Биылғы пітір садақаның мөлшері қанша? Бұл сауалдарға жауапты Almaty.tv тілшісіне сұхбат берген қаланың бас имамы Еркінбек Керімбекұлы айтып берді.
– Еркінбек Керімбекұлы, бүгінге дейін оразаның басталатыны туралы түрлі ақпараттар тараған еді. Бірі мамырдың бесінен алтысына қараған түні, енді бірі төртінен бесіне қараған түні дейді. Нақты қашан басталады? Соны айтып берсеңіз.
– ҚМДБ пәтуа бөлімі және көрші Қырғызстан, Өзбекстан секілді біздің бауырлас елдердің діни басқармаларының барлығы қазіргі технологиялық көрсеткіштердің құралдар мен ғылыми жетістіктердің нәтижелеріне сүйене отырып, биыл Рамазан 6 мамырда басталады деген шешімге келдік. Яғни, 6 мамыр күні еліміздің мұсылмандары таңғы сәресіне тұрып, ауыз бекітеді. 5 мамыр күні кешке қаланың бүкіл мешіттеріне тарауық намаздары оқылады. Биыл ораза 29 емес, 30 күн толық болады. Ораза 4 маусым күні аяқталады. 5 маусым Ораза айт болып бекітіліп отыр.
– Ораза кестесі қашан шығады?
– Электронды үлгіде шыққан. Мүфтият сайтындағы кестелердің негізінде әр өңір, облыс, әр қала өз кестелерін жасап жатыр, бүгін жұмада Алматы қаласы мешіттерінде сол кестелер халыққа тегін таратылды.
– Биыл пітір садақаның мөлшері қанша? Содан кейін, осы Алматы қаласында мешіттерде Рамазан айына орай қандай шаралар ұйымдастыру жоспарда бар?
– Биыл ҚМБД пітір садақасын әр адам басына 300 тг деп бекітті. Бұл – бүкіл қаладағы базарлардағы астықтың, бидайдың, ұнның бағаларын зерттей келе тоқталған бағамыз. Ол Рамазанның алғашқы күнінен бастап, Ораза айтқа дейін берілуге тиіс.
Кешке қарай қаладағы барлық мешіттерде тарауық намазы оқылады. Сосын әр мешіттің жанында күнделікті ауызашар беріледі. Сонымен қатар, Оразада бізде «Раббым білімімді арттыр» , «Ұмыра кімге бұйырады?» секілді интелектуалдық, адамдардың діни, мәдени, тарихи сауатын арттыратын сайыстарымыз өткізіледі.
Сонымен қатар, қайырымдылықтар жасалады. Себебі Рамазан – жақсылыққа көбірек ұмтылатын ай. Рамазан айында жасалған жақсылықтың сауабы еселеніп, 700 есеге дейін жетеді дейді.
– Биыл бірінші рет ұстайын деп отырған адамдарға оразаның пайдасы туралы айтып берсеңіз. Жалпы оразаның қандай шарттары бар?
– Пайғамбарымыз с.ғ.с айтады, «Кімде кім оразаны иманмен, Алла разылығы үшін ұстайтын болса, оның алдыңғы жасаған күнәларының барлығы кешіріледі» дейді. Демек, ораза адамның рухын тазалайды, жан-дүниені байытады. Лас істерден, лас сөздерден арылтады.
Оразаның адамға жалпы тұлғалық тәрбиесі де бар. Неге ораза адамды сабырға тәрбиелейді? Неге таңның атысынан кештің батысына дейін адам шөлдесе де, қарны ашып тұрса да, қанша құмарлығы артып, ынталанып тұрса да, өзін тежейді? Яғни адам өзін сабырға тәрбиелейді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Өмір Әнуарбек