Қытайды есептемегенде, 58 мемлекетте короновирус анықталды. Осы аптада обыр әлемнің тағы да 5 елінде тіркеліп отыр. Ал Оңтүстік Кореяда короновирустан көз жұмғандардың саны 22-ге жеткен. Күн санап қаупі күшейіп келе жатқан аурумен күресуге әлем ғалымдары дәрменсіз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оңтүстік Кореяда немересіне ем қабылдау мақсатында жүрген отандастарымыз Сеул қаласында тұрақсыздық байқалатынын жасырмайды. Себебі халықтың бәрі медициналық бетперде тағып, барлығы қатаң бақылауға алынған. Кірген-шыққан жеріңізде мұқият тепловизормен тексеріп, түсінідіру жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.
«Қазір мемлекет қауіпсіздік шараларын жасап, мектеп, балабақшаларды жауып, мемлекеттік мекемелерге тексеріс жүргізіп жатыр. Халықтың барлығы маскамен жүреді. Шаруасы бар адам ғана көшеге шықпаса, көпшілігі үйде отыр», – деді Сайфулла ҚОСПАНОВ.
Десе де жергілікті халық үрейленіп қалған дейді жерлестеріміз. Ауру ошақтары қызыл лентамен қоршалып, күнде залалсыздандырып тұруда дейді. Тұрғындар бей-берекет көшеге шығуды да қойған. Адамдар көп шоғырланатын сауда орындары мен мекемелер жабылып, есіктеріне уақытша құлпы ілінген.
«Сеул қаласында елдің көп шоғырланатын музей, сауда орталықтары және кісілердің көп жиналатын жерлерінің бәрі жауып тастаған. Жалпы тамақ жағынан проблема жоқ. Барлық магазиндер жақсы жұмыс жасап тұр. Көшеге ел тамақ алуға ғана шығады. Бірақ масканың, антисептикалық құралдардың жетіспеушілігі барлық жерде көрініп тұр», – деді Гүлмира ОРАЗХАНОВА.
Ал Иранда жергілікті халықтың үрейленгені соншалық, тіпті ауруханалардың бірін өртеп жіберген. Олардың мұндай әрекеті пневмонияның Ирандағы ошағы саналатын Кум қаласынан жергілікті ауруханаға коронавирус инфекциясын жұқтырған 10 адам әкелінді деп тараған қауесеттерден кейін басталған. Дегенмен ел басшылығы Бендер-Аббасқа науқастардың ауыстырылғаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтуда. Өрттен зардап шеккен аурухананың басшылығы да мекемеде вирус жұқтырғандар жоқ екенін айтып, мәлімдеме жасады. Ал Арменияда 1 наурызда коронивурс жұқтырған алғашқы адам тіркелді. Қазір ол қарым-қатынаста болған 32 адам карантинге жабылған.
«Коронавирус жұқтырған ер адам 28 ақпан күні Ираннан ұшып келген. Одан бері қосымша ақпарат тіркелмеді. Ол байланыста болған адамдардың барлығы қазір тыңғылықты тексеріліп жатыр. Шын мәнінде, бізде өзге елдер секілді вирустың келетініне дайын болдық», – деді армениялықө журналист Нана МАРТИРОСЯН
Соңғы тәулікте қауіпті індет Армения, Әзірбайжан, Эквадор, Ирландия, Монако және Катарда да тіркелді. Ал Оңтүстік Кореяда коронавирус жұқтырғандардың саны 4 мыңна асқан.
Қуан Нұрақын, Мұрат Тайжан, "Алматы" телеарнасы