Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус жұқтырудың рекордтық өсімін тіркеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
19 қазан мен 25 қазан аралығында 2 миллион 800 мың жағдай анықталған. Бұл - пандемия басталғалы ең жоғары көрсеткіш. Бір апта ішінде коронавирустан 40 мыңға жуық адам көз жұмған. Орталық Еуропа елдері коронавирус пандемиясының екінші толқыны аясында эпидемиялық жағдайдың нашарлауына байланысты жаңа шектеулер енгізіп жатыр. Словенияда ел азаматтарына он күн бойы өз аудандары мен қалаларынан шығуға тыйым салынды.
Сондай-ақ, ел билігі барлық шұғыл емес медициналық көмек көрсетуді екі аптаға тоқтатты. Сонымен қатар, сенбіден бастап барлық мейрамхана, сұлулық салоны мен тұрмыстық қажеттілікке жатпайтын тауарларды сататын дүкендер жабылып, мектептер қашықтан оқытуға көшеді. Чехия Республикасының билігі тағы да шетелдіктердің елге кіруін тоқтатып, барлық адамның ел ішінде еркін жүруіне шектеу қойды.
Бұл бір апта ішінде коронавирус жұқтырудың жаңа жағдайларының саны 15 мыңға жеткеннен кейін қабылданған шешім. Сәрсенбіден бастап Чехияда сағат 09.00-дан таңғы 05.00-ке дейін коменданттық сағат енгізіледі. Словакия билігі коронавирусқа жалпыұлттық тестілеу жүргізілетінін хабарлады. Елдің барлық халқы, шамамен 5 миллион 500 мыңға жуық адам осы демалыс күндері тексерілмек.
Бұған дейін Словакия премьер-министрі ауруды ең көп жұқтырған аудандарда алдын-ала тестілеудің сәтті өткенін мәлімдеді. Коронавирус жұқтырудың апталық өсімі бойынша алғашқы бестіктегі елдер қатарында Франция, Ұлыбритания, Ресей, Италия бар. Індет, әсіресе, Еуропа өңірінде жылдам тарап жатыр. Бір апта ішінде Еуропада 1 миллион 300 мыңнан астам адам аурудың ілмегіне іліккен. Бұл - алдыңғы аптадағы көрсеткіштен 33 пайызға көп.
Құрметті көрермендер! Қауіпті індеттің елімізде өршіп кетпеуіне біз де үлесімізді қосайық. Көпшілік жиналатын жерлерге бармауға тырысып, сақтық шараларын барынша ұстанайық.