Токиода инфекционистердің жиынында мамандар ел коронавирустың екінші толқынын бастан кешіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
«Қазір Жапония екінші толқынның ортасында. Алдағы уақытта жағдайды мұқият бақылау керек. Вирусты жұқтыру шыңынан өтіп жатырмыз, бірақ тағы да өсім болмауын қамтамасыз ету қажет. Коронавирустың үшінші, төртінші толқыны да болуы мүмкін. Осындай жағдайдағы өмірге бейімделуіміз керек», – деп хабарлайды NHK инфекционистер қоғамының төрағасы Кадзухиро Татэдаға сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта Жапонияда 58,5 мың адам COVID-19 жұқтырған. 1 148 адам қайтыс болды.
Қазақстанда осы жылдың 13 наурызынан 19 тамызына дейін 103 571 адам індетке шалдықты, 1446 науқас көз жұмды.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, қазіргі уақытта 15 839 адам коронавирустан емделіп жатыр. Олардың арасында 71 бала бар.
Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі биыл күзде коронавирус күшейеді деген болжам айтқан болатын. Сол кезде өткір респираторлы вирустық инфекциялар мен тұмаудың маусымы басталады. Соның аясында коронавирустың жаңа толқыны болады деген болжам бар.