Коронавирусқа қарсы ведомствоаралық комиссия әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға шолу жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Комиссияның мәліметінше, Еуропалық кеңес басшысы Шарль Мишель COVID-19 вакцинациясы туралы бірыңғай сертификат енгізілетін хабарлаған.
«Алдымен бұл тек медициналық құжат болады. «Келесі кезеңдерде бұл сертификаттарды өзгеде мақсаттарда қолдану мүмкіндігін қарастыратын боламыз», – деп толықтырды Еуропалық Кеңес басшысы.
Қолда бар коронавирусқа қарсы вакциналар Оңтүстік Африкада табылған вирустың жаңа мутациясына қарсы тиімділігі төмен», деп санайды иммунолог, Франция үкіметі жанындағы COVID-19 ғылыми кеңесінің жетекшісі Жан-Франсуа Дельфресси.
Ғалымның пікірінше, вирустың жаңа штамдарының Францияға енуі бүкіл елде жаңа локдаун енгізілуіне себеп болады.
Израиль билігі 31 қаңтарға дейін барлық әуе қатынасын тоқтатты. Тель-Авивтегі Бен Гурион халықаралық әуежайы бір аптаға толығымен жабылды.
Билік бұл шара SARS-CoV-2 вирусының жаңа штамдарының елге енуіне жол бермейді деп үміттенеді. Швеция, Норвегия коронавирустың «британдық штаммының» таралуына байланысты арадағы шекараны жауып тастады.
Швецияның ішкі істер министрі Микаэль Дамбергтің айтуынша, шешім кем дегенде 14 ақпанға дейін күшінде болады. Ұлыбританияда соңғы тәулікте рекордтық 491 970 адам коронавирусқа қарсы екпе алды.
Мемлекетте екпе алған адамдардың жалпы саны 6,3 миллионнан асты. Өткен аптада COVID-19-дың 251 мыңнан астам жаңа жағдайы тіркелді, бұл бір апта бұрынғы көрсеткіштен 22 пайыз төмен.
Берлиндегі Гумбольдт клиникасында коронавирустың «британдық штаммын» 20 адам жұқтырған.
Осыған байланысты 1 500-ге жуық дәрігер, медбикелер және басқа да медициналық және әкімшілік қызметкерлер карантинге жіберілді. Сонымен қатар, клиниканың 400-ге жуық пациенті оқшауланған.