Карантин: Әуезов ауданында мобильді топ өрескел тәртіп бұзғандарды анықтады

Almaty.tv
Almaty.tv
Әуезов ауданына тексеріс жүргізу кезінде мониторингтік топ қыз ұзату тойының үстінен түсті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Карантин күшейтіліп, тексеріс қатаңдатылса да, той өткізушілердің қатары азаймай тұр. Әуезов ауданына жүргізілген түнгі рейд барысында мобильді топ өрескел тәртіп бұзғандарды анықтап, тиісті жазаға тартты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әуезов ауданына тексеріс жүргізу кезінде мониторингтік топ қыз ұзату тойының үстінен түсті. Бас санитар дәрігердің шығарған соңғы қаулысына сәйкес, той өткізуге мүлде тыйым салынғанына қарамастан, мейрамханалардың біріне 100 шақты адам жиналған.

Той иесі Ұзату тойын былтыр да кейінгі шегеріп едік, енді биыл наурыз айында Алматының қызыл аймаққа кіретінін кім білген деп ақталды. Дегенмен карантин күшейтіліп, тексеріс қатаңдатылды. Тойдың иесі де, мейрамхана басшылығы да сақтық шараларын бұзғаны үшін түсініктеме  жазды. Той тарқатылды.

«Бүгіннің өзінде тексеру кезінде 8-ден кейін жұмысын жалғастыра берген 3 орын анық болды. Олар көбінде келушілерді алдын-ала жазып қою арқылы не артқы есіктен кіргізу арқылы жұмыс істейді. Масқа тағу режимі, орындар арасында арақашықтық сақталмайды. Дегенмен кәсіпкерлерге айтатыным, мобильді топ тексеруге келген кезде олардан міндетті түрде құжат талап етіңіздер. Өйткені қазір мониторингтік топпыз деп тексеріс жүргізетін алаяқтар да табылып жатыр», – деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы әуезов аудандық филиалының директоры Дінмұхамед Қонысбек.

Мына мекеменің жауаптылары, тіпті, мобильді топты ішке кіргізуден бас тартып, есікті іштен тартып тұрды. Есік ашылғанда бәрі тым-тырақай қаша бастады.

Осылайша, көңіл көтеру орындары кешкі 20.00-ден кейін жұмыс істеген. Арақашықтықты сақтамау былай тұрсын, бұл қоғамдық орындарда адам саны қаулыда белгіленгеннен әлдеқайда көп болып шықты. Тіпті коронавирус инфекциясын бірден-бір таратушы құрал, тыйым салынан қорқор да шегіліпті.

«Алматы қаласы қызыл аймаққа енгеніне байланысты орай, мобильді, мониторлық топтардың жұмысы күшейе бастады. Тамақтану орындары, дәмханалар, бәріне ескертулер жасалып жатыр. Зум арқылы жиналыс өткізіп жатырмыз, қазіргі карантиндік заңдарды қатаң сақтау бойынша. Сол себепті жұмысымыз жалғаса беред», – деді Әуезов ауданы кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Айбек Әлишәріпов.

Өткен аптада 138 шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына тексеру жүргізіліп, 22 рапорт толтырылыпты. Оның 18-і заңды тұлғаға, ал 4-еуі жеке тұлғаға қатысты. Ал жыл басынан бері 1400-ге жуық мекеме тексерістен өтіп, 129 хаттама толтырылған.

Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров