Ақтөбе облысында шетелден келгендерге 440 орындық үш карантин стационары ашылды

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Алты зертханада 155 544 ПТР тесті, 21 653 экспресс-тест алынды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шетелден келгендерге 440 орындық үш карантин стационары ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ақтөбе облыс әкімдігінде карантин ережелерін орындауға қатысты жиын өтті. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға қатысты мәселелер қаралды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін жеткізді. 

«Коронавирус індетінің жаңа фактілері анықталған жоқ. Науқастардың 98,3% ауруханадан шықты. Төсек-орын жүктемесі 78%-дан 14,6%-ға дейін азайды. 315 инфекциялық кереует дайындалды. Резервте әлі 3588 кереует бар. Алты зертханада 155 544 ПТР тесті, 21 653 экспресс-тест алынды»,– дейді Нұржауған Қалауов. 

Ол Қазақстан шекарасындағы өткізу бекеттерінде коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары аясында 6 қазаннан бастап 440 кереуеті бар карантин стационарларының жұмыс істейтінін айтты. 

Шетелден келген азаматтар екі тәулікке А.Досжанова атындағы жатақханаға, Мәртөк ауданы Жайсаң ауылындағы колледжге, Қарғалы ауданы Әлімбет ауылындағы интернатқа жатқызылатын болды. 

Бұған қоса өңірде екінші толқынға дайындық күшейтілді. Стационарлардағы кереуеттер саны қажет болған жағдайда 315-тен 3603-ке дейін, соның ішінде жансақтау бөліміндегі кереуеттер саны 401-ге артады. 

Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын күшейту, жабдықтау шаралары қабылданды. 1547 төсек-орынның 93% оттегімен, үш стационар орталықтандырылған оттегімен қамтылған. Медицина мекемелерінде дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс заттарының екі айлық қоры жасақталды. 

37 бақылау тобы мыңнан аса заңбұзушылықты анықтап, 633 адам жауапқа тартылды, 79 млн теңге айыппұл салынды. 

Облыс әкімі шетелден келген өңір тұрғындарына сақтық шараларын ұстану, бақылау топтарының жұмыстары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Новости партнеров