|
07.11.2020 | 11:19
5372

Коронавирус: Еуропа елдерінде карантин шаралары күшейтілді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавируспен ауырғандар саны 48,2 млн адамға жетті, оның ішінде 1,2 млн науқас көз жұмды

Коронавирус: Еуропа елдерінде карантин шаралары күшейтілді novostipmr.com

COVID-19 инфекциясына шалдығу деректерінің артуына байланысты Шығыс Еуропа елдері сақтық шараларын күшейтуге кірісті. Англия, Дания, Грекия және Италия елдері локдаун енгізе бастаса, Кипрде коменданттық сағат орнады, ал Норвегия қауіпті індеттің кеңінен тарай бастауына алаңдаушылық білдіріп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.   

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде коронавируспен ауырғандар саны 48,2 млн адамға жетті, оның ішінде 1,2 млн науқас көз жұмды.

Еуропадағы локдаун шаралары


Мәселен, Англияда бейсенбіден бастап мерзімі 2 желтоқсанға дейін созылуы мүмкін екінші локдаун басталды. Азық-түлік дүкендерінен өзге дүкендердің бәрі, барлар мен мейрамханалар, спортзалдар мен ойын-сауық орталықтары түгелдей жабылып жатыр. Қоғамдық көліктер қазірше штаттық режимде жұмыс істеуде. 

Ел билігі халықтан аса қажет болмаған жағдайда, сыртқа шықпауды сұрайды. Дегенмен, бірінші локдауннан айырмашылығы, бұл жолы британдық билік мектептер мен оқу орындарын жаппауды жөн көріп отыр. 

Британияда өткен тәулікте COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны тағы 24 мың адамға артты, 378 адам көз жұмды бұдан бір күн бұрын 25 мың адам ауру жұқтырып, 492 адам көз жұмған болатын.  

Қаржы министрлігі бейсенбі күні мерзімсіз демалысқа жіберілген жұмыскерлерге наурыз айының соңына дейін ай сайынғы төлем жасап отыруға мәжбүр екенін жариялады. Англия банкі британдық экономиканы қолдау үшін 150 млрд фунт стерлинг бөлді.


Данияда аң фермаларын мекендейтін 17 млн күзеннің бәрі өлтірілетін болды. 

Дания билігі күзендердің коронавирус жұқтырып, вирусты мутацияға ұшырату қаупіне байланысты кей аудандарда қатаң карантин шараларын енгізді. Дания –күзен терісін Қытай мен Гонконгқа экспорттайтын басты өндіруші ел саналады.   

Дания билігі вирустң мутацияға ұшырауы болашақта коронавирус вакцинасының кез келген түрінің тиімділігіне кері әсерін тигізуі мүмкін екенін мәлімдеді.  

Күзендерді жою жұмыстары олардың көп бөлігінің коронавирус жұқтырғаны анықталғаннан кейін, яғни қазан айының соңында-ақ қолға алына бастаған болатын. ДДСҰ Covid-19 вирусының бұл жануарларға қалай жұққанын анықтауға шақыруда.


Коронавирустың екінші толқынына байланысты Чехия, Словения, Румыния елдерінде де локдаун жарияланып, азаматтардың жүріп тұруына шектеу қойылды. Бұл елдерде қоғамдық іс-шараларға тыйым салынып, студенттер мен оқушылар қашықтан оқу режиміне көшті. Барлар мен мейрамханалар жабылып, елде коменданттық сағат орнады. Румыния астанасы Бухарестте 5 жастағы баладан бастап барлық азаматтар тек сыртта ғана емес, ғимарат ішінде де маска тағып жүруге міндеттелді.  

Норвегия премьер-министрі Эрна Сульберг норвегиялықтарды ел ішіндегі сапарларды шектеуге шақырды. Бұл елде соңғы аптада көптеген аймақтағы жағдай қиындап, індет жұқтырғандар саны рекордтық көрсетішке жетті. Бұған дейін Норвегия эпидемиологиялық ахуалы боййынша Еуропадағы ең қолайлы ел саналып келген еді. 

Індеттің екінші толқынына байланысты Франция мен Германияның бірқатар аймақтары алдын алу шараларын қолға алып, оқшаулау режиміне көшті. Польша, Венгрия мемлекеттері де карантин талаптарын күшейтті.


Италияда коменданттық сағат енгізілді. Флоренциядағы дүниежүзіне әйгілі Уффици музейінің директоры Айке Шмидт жоғарыдағы фотосуреті арқылы италиялықтарды өнерге деген сүйіспеншілікті сақтай отырып, карантин талаптарын сақтауға шақырады.  

Италияда жұмадан бастап 20 аймақта локдаун талаптары ұзартылды. Олардың әрқайсына эпидемиологиялық қауіптілігіне қарай тиісті түстер беріліп отырады. Мәселен, қызыл – қауіптіліктің жоғарғы деңгейі, қызғылт сары – орташа, ал жасыл түс төменгі деңгейді білдіреді. Сондай-ақ, жергілікті ауруханалардағы науқастар саны да ескерілмек.

Жалпы ел бойынша коменданттық сағат енгізілуде, музейлер мен көрмелер жабылуда, сауда орындары тек жұмыс күндері ғана істейді.  


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир