Жусаннан коронавирусты емдейтін дәрі жасауға болады. Сенат депутаты Динар Нөкетаева Үкімет басшысына жолдаған сауалында аталған бағыттағы зерттеулерді қолдауды сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда өсетін емдік шөптің бәрін фармацевтикалық өндірісте пайдалану керек. Қазіргі кезде коронавирустан болатын өлім-жітімді азайту мақсатында «Артесунат» препаратын қолдану мәселесі зерделеніп жатыр. Бұл – безгекке қарсы дәрі. Ол да жусаннан жасалады екен.
«Қазіргі кезде ғалымдар дәл осы дәріге коронавируст емдейтін препарат ретінде үлкен қызығушылық танытып отыр. Сол себепті жусанның сығындысы COVID-19-ға қалай әсер ететінін өзімізде зерттеу керек. Бүгінде осы бағытта Сокольский атындағы отын, катализ және электрохимия институтының ғалымдары өсімдік шикізатынан СOVID-19 және негізгі инфекцияларға қарсы жоғары тиімді дәріні жасауға арналған ғылыми бағдарламаны іске асырып жатыр. Сондықтан коронавирусқа қарсы тиімді дәрінің Қазақстанда табылатынын жоққа шығармаумыз қажет», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Динар Нөкетаева.