Елімізде коронавирус індетіне қарсы отандық вакцинаға сынақ жүргізудің 2-кезеңі аяқталды. Бұған дейін екпенің кері әсері анықталған жоқ керісінше оның жоғары тиімділігі тіркелді. Бұл туралы Мемлекет басшысының қабылдауында болған Премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үкімет басшысының хабарлауынша, 25 желтоқсанда екпенің 3-кезеңі басталады. Ол кезде вакцина 3 мың еріктіге егілмек. Сынақтар толығымен келер жылдың наурыз айында аяқталады деді премьер. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен жасаған келісіміне сәйкес 22 желтоқсаннан бастап Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасын өндіру қолға алынады. Ал, Алдағы жылдан бастап тұрғындарға ерікті түрде екпе егу жоспарланып отыр. Вакцина алғашқы кезеңде қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер, педагогтар және күштік құрылымдардың қызметкерлеріне егілетін болады. Мемлекет басшысы Асқар Маминге отандық вакцина өндірісіне қатысты берілген тапсырманы жедел орындағаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, дәрінің тиімділігіне баса мән беру мен тұрғындарға қолжетімді болуын бақылауда ұстауды тапсырды.