Шетелден ұшып келетін азаматтарды бірнеше санатқа бөлу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова «Қазақстан халқы арасында коронавирус инфекциясы ауруларының алдын алу бойынша шараларды одан әрі күшейту туралы» Қаулыға осындай өзгерістер енгізді. Бұған дейін Қазақстан алты елмен әуе рейстерін қайта жандандыратыны туралы хабарлған едік.
Енді бұл елдер шартты түрде үш санатқа бөлінді. Бірінші санатқа Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Грузия және Таиланд кіреді. Бұл мемлекеттерден келетіндер арасында сауалнама жүргізіліп, дене қызуы өлшенеді. Екінші санатта – Түркия. Осы елден келетіндер үшін міндетті түрде термометрия мен сауалнамадан басқа тағы екі жағдай бар. Қазақстанда еркін жүріп-тұру үшін оларға 5 тәуліктен аспайтын COVID-19-ға теріс нәтижемен ПТР зертханалық тексеруден өткені туралы анықтама болуы тиіс.
Анықтама болмаған жағдайда азаматтарды екі тәулікке карантинге жатқызады және коронавирус инфекциясына байланысты тест алады. Қазақстан азаматтары тұрғылықты жері бойынша, ал шетелдіктер келген жері бойынша ауруханаға жатқызылады. Ал, үшінші санатқа әуе қатынасына тыйым салынған барлық басқа елдер кірді.