Алматыда маскасыз жолаушылар автобусқа кіргізілмейді. Қоғамдық көліктердегі бетперде режимін бақылау үшін қалада арнайы мобильді топ жасақталған. Олар маскасыз отырған жолаушыны көрген бойда бірден автобустан түсіріп жібереді. Сондай-ақ, мониторинг барысында тәртіп сақшылары мен қалалық мобилділік басқармасының қызметкерлері көлік ішіндегі адам санын да қадағалайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кезекті өткізілген рейд барысында мониторингтік топ жолаушылардан маска киюді талап етіп, санитарлық ережелерді сақтауға үндеді. Жарты күнде бетпердесіз автобусқа отырған 4 адам анықталды. Заңбұзғандар бірден қоғамдық көліктен түсірілді. Айта кетейік, осыған дейін бетперде кимегендер тек ескертумен құтылатын.
Қала бойынша әрбір автобустар тұрақтайтын аялдамада дезинфекторлардан тұратын арнайы топтар жұмыс істейді. Коронавирус індетінің алдын алу мақсатында қоғамдық көліктерде әр рейс сайын залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Әр бригада күніне 200-ден аса көлікті дезинфекциялайды екен. Автобус салоны, жолаушылар отыратын орындықтар мен тұтқалар арнайы хлор ерітіндісімен өңделеді. Ал тазалау жұмыстары толық аяқталған соң есіктер ашылып желдетіледі.
«Осы «Арман» автостанциясында күніне екі жүзден көп автобус істейміз. Өзіміздің белгілі бір маршруттарымыз бар: 132, 135, 77 деген сияқты. Дезинфекция ары кетсе 5 минут алады. Жалпы 3 минутта үлгеріп жатамыз», – деді дезинфектор Жанәділ Мәткерімов.
Сондай-ақ, жұмыс күндері қоғамдық көліктер әдеттегі режим бойынша жүреді. Ал, демалыс күндері уақыт шектеуімен жұмыс істейді. Соңғы шыққан санитарлық қаулыға сәйкес автобустар таңертең 06.00 мен 10.00, ал кешке 17.00 мен 22.00 аралығында қатынайды. Одан өзге, халық көп қатынайтын 28 бағыт бойынша қосымша автобустар шығарылып, жүру интервалы қайта қарастырылған.
«Кейбір маршруттардың автосының санын көбейттік. Резервте тұрған автобустардың барлығын маршрутқа шығардық. Часпик уақытында резервтегі автобустар істейді. Сағат 06.00-мен 10.00-ға дейін, кешкі сағат 17.00 мен 22.00-ға дейін», – деді қалалық мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Сымбат Мырзағұлов.
Айта кетейік, мегаполисте 148 бағыт бойынша қатынайтын 1850-дей қоғамдық көлік бар. Қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты мамандар автобустарда барынша абай болуға шақырады. Сондай-ақ, ережені елемегендерге 87 мың теңге айыппұл салынатынын қатаң ескертеді.
Сымбат Ноғай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы