Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев қаладағы эпидемиологиялық жағдай алаңдатып отырғанын атап өтті. Алматы «қызыл» аймаққа енді. COVID-19 статистикасы сөзсіз алаңдаушылық тудыруда. Ауырғандардың күнделікті саны 130 адамнан төмен түспей жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Біріншіден, біз бұл көрсеткіштерді вирустық инфекциялар санының маусымдық артуымен байланыстырамыз. Әртүрлі жағдайлардың, соның ішінде жағымсыз жағдайлар санының артып жатқанына қарамастан, қаланың денсаулық сақтау жүйесі COVID-19-мен күресуге дайын», – деді ол.
Қазіргі уақытта аурудан сауыққандар саны – 19 487 адам, бұл жұқтырған барлық жағдайлардың 91%-ын құрайды (21 547 тіркелді).
«Коронавируспен күресуге бағытталған уақтылы қабылданған шешімдер ауру санының күнделікті артып келе жатқандығына қарамастан өз нәтижесін беруде. Инфекциялық стационарлардың жүктемесі тұрақты деңгейде, бүгінгі күні 724 төсек-орын бос емес, бұл ретте оның 61%-ы бос және 5 145 төсек-орын резервте тұр. Қазіргі уақытта тәулігіне орта есеппен 50-90 науқас емдеуге жатқызылуда. Бізде жан сақтау бөлімшелері 50%-ға бос емес. Бастапқыда реанимациялық төсек-орындар саны 80 болса, бізге төсек-орындар санын 120-ға дейін ұлғайтуға тура келді», – деп атап өтті Нариман Табынбаев.
КВИ жұқтырғандардың арасында көптеген қатар жүретін аурулары бар науқастар саны айтарлықтай өскендігін айта кеткен жөн.
«Сондықтан қала тұрғындарынан үйден сирек шығуды, адамдар көп жиналатын орындарға бармауды, өзін-өзі емдеумен айналыспауды және білікті медициналық көмекке жүгінуді өтінгім келеді», – деп үндеді алматылықтарға Басқарма басшысы.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында COVID-19-бен күресу үшін үйде емделіп жатқан пациенттерге мониторинг жүргізетін Мобильді бригадалар құрылды. Бүгінде үйде медициналық бақылауда 797 адам бар. Симптомсыз 254 науқас және жеңіл белгілерімен 543 пациент тұр.
Өткен жылғы қыркүйекте COVID-19 вирусын жұқтырған пациенттерді емдеу бойынша МСАК ұйымдарын қолдау мақсатында, қауіпті топтардағы карантиндік пациенттерді қашықтықтан бақылау және консультациялар жүргізу үшін Телемедицина орталығы құрылған болатын. Қарашадан бастап бүгінге дейін Орталық мамандарымен 12 000-нан астам кіріс қоңырауы қабылданып, 51 000-нан астам шығыс қоңырауы жасалды.