Алматыда рейд кезінде карантин талаптарын бұзған ойын-сауық орталықтары анықталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Ережені елемей, тәртіпке бағынбағандар алдымен Алмалы ауданында ұсталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қалада карантин кезінде сауық құрып, санитарлық талаптарды бұзатындар азаймай тұр. Түнгі сағат 11-ден кейін мейрамханаға қонақ қабылдағандардың жасырын әрекеті әшкере болды, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Ережені елемей, тәртіпке бағынбағандар алдымен Алмалы ауданында ұсталды. Шевченко көшесінің бойында орналасқан түнгі клубта 70-ке жуық адам көңіл көтерген. Ал, қожайыны болса сұраққа жауап бермей басын ала қашты.  

Мониторинг топ құрамында еріктілер де бар. Олар алдымен қонақ ретінде қаладағы кез келген нысанға кіреді де, бақылау жүргізеді. Кейіннен клуб немесе мейрамхана иесінің ережеге қарсы жұмыс істеп жатқанын көргеннен кейін тәртіп сақшыларына хабар береді.

«Шыны керек енді соңғы кезде жиі кездесіп тұрады. Заңбұзушылықтар көбейіп жатыр өкінішке орай. Көп адамдар коронавирустың қауіпін түсіне бермейді, сол себепті осылай қыдырады, ал орталықтар заңсыз жұмыс істейді», – деді ерікті Бағдат Анарбаева.

Тілші Ұлағат Арғын Бостандық ауданындағы түнгі клубқа барып, нысанның ішіне артқы есігімен кіріп көрді.

«Байқағанымыздай, артқы есігі ашық тұр. Келушілерді де жасырын осыннан кіргізген болуы керек. Клуб ішіне кірсек, мұнда да бос орын таппайсың. Қор-қор шеккен түтіннен ешкім көрінбейді», – деді тілші.

Нысан иесі шағын ғимараттың ішіне 60-тан астам қонақ қабылдаған. Бұл әрекеті заңсыз екенін білсе де, санитарлық талапты елемеген. Енді ол 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.

«Тізімде 15 нысан бар. Бұның барлығы тұрғындардан келіп түскен шағымдар. Яғни, түнгі мезгілде заңсыз жұмыс істеп, тіркелгендер. Рейд нәтижесінде аудандағы 3 диско бардың жұмысы әшкере болды. Оларға хаттама толтырдық. Тиісті шара қолданатын боламыз», – деді  Бостандық аудандық кәсіпкерлік және инвестициялар бөлімінің басшысы  Абзал Әлімқұлов.

Қазіргі таңда қала аумағында мониторингтік топтардың жұмысы жалғасуда. Ал, тәртіпті елемей бір емес бірнеше рет бас санитардың талабын бұзған мекемелер қатаң жазаланады. Тіпті, кейбірінің жұмысы заң жүзінде тоқтатылуы мүмкін. 

Айта кету керек, бүгінде карантин талаптарының қатаң сақталуына қатысты тексеру жұмыстары күшейтілген.

Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов

Новости партнеров