Қылмыстық топ Бахрейнге кәмелетке толмаған қыздарды жіберіп отырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтің айтуынша, биылғы 9 айда адам саудасына қатысы бар 78 іс сотқа жолданған. «Адам экспорты» Азиядағы 6 елге бағытталып отырған. Бұл ретте Катар, Индонезия, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия және Оңтүстік Кореяда пайдалану мақсатын көздейтін сегіз арна, сондай-ақ, Өзбекстан мен Қырғызстаннан адам әкелетін екі импорт дәлізі жойылыпты. Бахрейнге жыныстық қанау үшін тартылғандардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. 39 адам зардап шеккен.
«Биылғы 9 айда ішкі адам саудасына қатысты 200 қылмыстық іс болды. Оның ішінде 78-і сотқа жолданды. Қалғаны бойынша тергеу жалғасып жатыр. 26 адамға қатысты әртүрлі жаза тағайындай отырып, айыптау үкімі шығарылды. Соңғы үш жылда адам саудасының 90 құрбаны анықталды. Оның 20-сы – мәжбүрлі еңбекке тартылған», – деді ҚР Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.