Қазіргі уақытта Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 29-ға жетті, деп хабарлады Almaty.tv.
Оның ішінде 2 бала бар. Науқастар жұқпалы аурулар ауруханасына оқшауландырылды, жағдайы қанағаттанарлық, 2 науқастың жағдайы орташа дәрежеде ауыр, бірқалыпты. Қаланың провизорлық госпитальдарында 672 адам, карантинде – 598, үй карантинінде 1549 адам бар. Карантинге оқшауланған барлық азаматтың дене қызуы қалыпты деңгейде, қабыну жоқ.
Қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің дерегі бойынша, коронавирус инфекциясы тіркелген барлық ошақта аурудың одан әрі таралуын алдын алу мақсатында эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар күшейтілді. Дезинфекция толығымен жасалды. Медицина қызметкерлері ошақ аймағында орналасқан барлық азаматтардың жағдайына мониторинг жүргізуде. Алматының 15 аумағында коронавирустық инфекция ошағы бар. Алатау ауданында 2, Алмалы ауданы бойынша 4 ошақ. Медеу ауданында инфекцияның 3 ошағы тіркеліп отыр. Жетісу ауданында 2 ошақ бар. Түрксіб ауданында 4 ошақ тіркелді. Қала билігі алматылықтарды карантин режимін қатаң сақтауға, карантиндік аумақтың ішінде жүруден аулақ болуға, жеке гигиена шараларын сақтауға, туыс, дос, әріптестері мен және т.б. адамдармен қарым-қатынасты шектеуді сұрайды.
Мақсат – әр адамның өзін коронавирус инфекциясын жұқтырудан сақтау, туғандары мен жақындары және айналасындағыларға да жұқтыру қаупін төмендету. Қала әкімдігі, медициналық және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметтері тарапынан індеттің ошақ аумағынан тыс жерге таралып кетпеуі үшін күшейтілген іс-шаралар атқарылуда. Өз кезегінде қаланың әрбір тұрғыны қаладағы жағдайға түсіністікпен қарап, жауапкершілік танытқан кезде індет жұқтырушы тұлғаларды тез анықтап, жедел түрде оқшаулауға мүмкіндік бар. Клиникалық симптомдар, яғни дене қызуының көтерілуі, құрғақ әрі ұзақ жөтел, әлсіздік пайда болғанда учаскелік дәрігерді телефон арқылы үйге шақыру керек немесе жедел медициналық жәрдем дәрігерін шақырған абзал. Өзін-өзі емдеумен айналыспай, дәрігердің тағайындаған дәрілерін қабылдау керек. Аурудың алдын алу шараларын жиі жасаған дұрыс.
Үй-жайларды күніне кемінде 2 рет желдету, күн сайын үйді жуып, тазалау, қолды сабынмен жиі жуу, жеке ыдыс, жеке гигиена құралдарын пайдалану, секілді қарапайым қағидаларды ұстаныңыз. Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған азаматтар тұрғылықты мекенінде немесе жұмыс орнында вирус жұқтырушымен соңғы кездескен уақыттан бастап инкубациялық кезең бойына өзін-өзі оқшаулау режимін қатаң сақтау қажет.
Қосымша сұрақтар бойынша 1406 және Open Almaty 1308 нөмірлері бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталыққа хабарласыңыз. Қабыну белгілері бар адамдар анықталған жағдайда дереу қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің тәулік бойы жұмыс істейтін 382-33-50 нөміріне хабарлау керек. Ресми ақпараттарды Алматы қаласы әкімдігінің сайтынан және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан алуға болады. Қосымша ақпарат жедел түрде Telegram арнасындағы Stopcov Almaty және Darmen мобильді қосымшасына салынады.