Симптомсыз COVID-19: Тасымалдаушылар «науқастар» қатарына жатпайды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Соңғы деректерге сай, елімізде симптомсыз ауырып жатқан 5 мыңға жуық адам бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жақыныңа жанашыр бол!». Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясының ешқандай белгісі жоқ вирус тасымалдаушыларға дәл осындай атаумен жадынама жасап шығарды. Соңғы деректерге сай, елімізде симптомсыз ауырып жатқан 5 мыңға жуық адам бар. Енді олар індетті таратпауы үшін не істеуі қажет? Жадынамада нендей шарттар белгіленген? Еліміздің жетекші инфекционистері қандай кеңес береді? Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Еліміздің жетекші инфекционисті Динагүл Баешева COVID-19 сырқатына шалдыққанымен, симптомдары жоқ адамдарды «науқастар» қатарына жатқыза алмаймыз дейді. Бірақ олар эпедимиологиялық тұрғыдан қауіпті. себебі тасымалдаушылар. Демек, міндетті түрде оқшаулануы тиіс.  

«Олардың жақсы желденетін бөлмесі болуы керек. Жан-жағын хлор, антисептикпен тазалап, жуып отыруы керек. Үйде қарым-қатынаста болған адамдармен кездескенде бетперде киюі керек. Бірге қолданатын дәретхана болса, дәретхананың ішін тазалап отыруы керек. Қолмен ұстайтын нәрселердің бәрі тазалануы тиіс. Өзінің бір бөлек ыдысы болуы керек», – деді жетекші инфекционист Динагүл Баешева

Статистикаға келер болсақ, елімізде ешқандай белгілері жоқ 5 мың тасымалдаушы бар. Олардың 490-ы симптомсыздар тізіміне соңғы тәулікте қосылды. Барлығы амбулаториялық жағдайда медициналық бақылауға алынып, үйінде оқшауланып отыр.

«Белгілері жоқ тасымалдаушылар жіті назарға алынған. Оларды қашықтан мониторингтеу қамтамасыз етіліп отыр. Бейнебақылау арқылы үйінен шықпауы жіті қадағалануда», – деді жетекші инфекционист Динагүл Баешева.

Үй карантиніндегі адам смартфонына Smart Astana мобильдік қосымшасын орнатып, «Мен карантиндемін» режимін қосып, оқшаулану біткенше оны өшірмеуі тиіс. Бұдан бөлек, жадынамада үй карантині қамтамасыз етілген отбасындағы адамдарға да нұсқаулық жазылған. Мәселен, ондағы басты талап – үйге бөгде адамдардың кіруіне тыйым салынған.  

Үй карантиніндегі адам да, отбасыдағы өзге де мүшелер де бетпердені киюі тиіс. Егер медициалық маска кірлеп немесе дымқылданып кетсе оны жаңасына ауыстыруы қажет!

Отбасындағы адамдардың дене қызуын күніне екі мәрте өлшеген абзал. Егер дене қызуы немесе жайсыздық байқалса COVID-19 бойынша колл-орталыққа хабарласып, жедел жәрдем шақыру қажет:

– Отбасының әрбір мүшесі жеке тазалық үшін бөлек ыдысты пайдалануы тиіс;

– Бөлмені күніне екі рет желдеткен дұрыс;

– Дымқыл тазалықты күнделікті жүргізу қажет;  

– Жөтел немесе түшкіру кезінде ауыз бен мұрынды жабу керек;

– Қолды сабынмен жиі ысқылап, антисептикпен сүртіп отыру қажет.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Данияр Омар, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан


Новости партнеров