|
04.03.2020 | 20:29
11543

Сау адамға бетперденің қажеті жоқ – Біртанов

Кей пысықайлар коронавирусты пайдаланып, пайда тауып жатыр

Сау адамға бетперденің қажеті жоқ – Біртанов

Еліміздегі дәріханаларда медициналық бетперделер атымен жоқ. Алайда бұл сақтану құралдарының тапшылығына әкеп соққан бір ғана себеп емес. Кей пысықайлар коронавирусты пайдаланып, пайда тауып жатқан көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

 Бұған қоса еліміздегі отандық кәсіпкерлер шикізатты аспан асты елінен алатынын да қосыңыз. Бұл туралы бүгін Мәжіліс кулуарында еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та айтты. Елордалық әріптесім Салтанат Нысанбек толықтырады.

Блиц:

1. Жетпей жатыр, иә. Сұрадық, жоқ деді дәріханада. Балдарыма алмақшы едім

2. Телевизордан бетперде жоқ деп айтып жатыр.  Өндіріс жоқ шығар. Материалдарды шетелден алады көбінде.  Сосын кісілер байбалам салып, сатып алады.

3. Маска  жоқ екен. Мен 5-6 дәріханаға бардым. Не істейміз енді?! Еш жерде жоқ.

Дәріханалардағы бетперделердің жоқтығына көз жеткізу үшін біз кішігірім зерттеу жүргізіп көрдік. Вирустан сақтану құралдарының тапшылығы шынымен де сезіледі. Шамамен 6-7 дәріханаға бас сұғып едік, бетперде таба алмадық.  

Үзінді:

- Саламатсыз ба. Маскалар бар ма?

- Жоқ.

- Қашан болады?

- Білмеймін тіпті. Мүлдем жоқ.

- Қашаннан бері жоқ?

- Бір айдан асты.

- Саламатсыз ба? Бетперде бар ма?

- Бетперде?

- Маска?

- Жоқ.

- Қашан болады? Қашаннан бері жоқ?

- Ақпаннан бастап жоқ.

Байқағанымыз, коронавирус деп, ел тұрғындары дәріханалардағы бүткіл бетперделерді сатып алып жатыр. Алайда мамандар бұл сақтану құралдарын сау емес, қандай да бір вирусқа шалдыққан адамдар және ақ халаттылар киюі керек дейді. Себебі мына бетперделер сізді коронавирустан 100 пайыз сақтайды деген кепіл жоқ. Жұқпаны көз, құлақ, аузы ашық жара, тіпті жуылмаған қол арқылы жұқтыруға әбден болады. Сондықтан ең бастысы қарапайым тазалық қағидаларын сақтаған жөн дейді ақ халаттылар.  

Еліміздің жетекші инфекционисті Динагүл Баешева қолды жиі жуып, спиртпен сүртіп отыру керек және жақсылап тамақтану қажет екенін айтады. Ал жеміс-жидек пен көкөністі жер алдында қайнаған сумен жуу керектігін айтады. Коронавирус 60-70 градус температурада өледі екен.  

«Оңтүстік Кореяда бетперделерге ұзын-сонар кезек бар. Алайда ондағы жағдайға қараңыздар. Ауру дендеп тұр. Сондықтан түшкірудегі мәдениетті ұстану қажет. Дертке шалдыққан адам түшкірді делік, аузы мен мұрнын алақанымен жапты. Бұдан соң қолымен баспалдақ таянышын ұстады. Сол таянышты ұстаған келесі адам қолын көзіне тигізді, қышыды, осылайша инфекцияны жұқтырды. Тұрғындарға осыны айту керек», – деді ҚР жетекші инфекционисі Динагүл БАЕШЕВА.

Еліміздегі дәріханаларда бетперденің бір миллион данасы қалғанын білдік. Осыдан бір ай бұрын бұл сан 9 миллион болған. Ел тұрғындарының байбалам салынуына байланысты бетперде секілді  сақтану құралдарына деген сұраныс артып отыр.

«9 миллионнан астам бетперде сатып алынған. Біздің ойымызша, жуық арада нарық өзін-өзі реттеп, бетперделер болады. Қазір бөлшектік сауда қажеттілігі 30 миллионға жетіп отыр. Мемлекет қамтамасыз етеді делік. Ол үшін бірнеше ай күту керек болады. Ол кезде коронавирус та болмайды. Сонда осыншама мөлшердегі бетпердемен дәріханалар не істейді? Сондықтан ең бастысы  байбалам салуды тоқтату қажет», – деді  ҚР ДСМ Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Арнұр НҰРТАЕВ.

Медициналық бетперделер жоқтың қасы екенін еліміздің денсаулық сақтау министрі де жасырмады. Айтуынша, ел тұрғындарының басым бөлігі сақтану құралдарын үрейден сатып алып жатыр. Ал кейбір пысықайлар, миллиондап сатып алып, Қытай мен Ресейге саудалайтынын жеткізді.  

«Неден қазір маска киесіз? Қазақстанда коронавирус жоқ. Неден қорқамыз? Мысалы, мен маскасыз жүрмін ғой. Сондықтан біз айтқан маска сау адамға қажеті жоқ. Эпидемия  кезіндегі жағдай басқаша. Әрине, сол кезде, біріншіден,  медициналық инфекциялық ауруханаларда бүкіл азаматтар, науқастар, туыстары, медициналық қызметкерлер, олар маска киіп жүруі керек», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Елжан Біртанов бетперделердің 80 пайызы Қазақстанда  өндірілгенімен, шикізат осыған дейін аспан Қытайдан алынғанын алға тартады. Сондықтан шикізат мәселесін шешу басты назарға қойылып отыр.  

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир