Карантин шаралары күшейтіліп жатыр. Әрбір қала тұрғыны үшін қоғамдық орындарда сақтық шараларын ұстануы – басты талап. Осыған байланысты, бүгін Алматының Әуезов ауданында қоғамдық көліктерде тексеріс жұмыстары жүргізілді. Жолаушылар медициналық бетперде тағуға қаншалықты мән береді? Ал, жүргізушілер автобусқа мінгендерден санитариялық ережені сақтауды талап ете ме? Almaty.tv тілшісінің бейнематериалынан біліңіздер.
Жұмысын дәл осылай бастаған мониторингілеу тобы Әуезов ауданындағы бірнеше қоғамдық көліктерді аралады. Ондағы жолаушылардың карантин ережелерін сақтауы басты назарға алынып, санитариялық талаптар тексерілді. Анықталғандай, көбісінде медициналық бетперде бар. Бірақ кейбіреулері болса да, тақпайтын көрінеді.
«Адамдар толық жиналған орындарда маскамды тастамаймын. Адамдар өз денсаулығы үшін маска тағуы керек», – деді қала тұрғыны Еркежан Әлімжан.
Ал, медициналық бетпердесі жоқ жолаушыларға ескерту жасалып, қауіпті індеттің таралмауы мақсатында қоғамдық көліктен түсуі талап етілді. Жалпы мұндай жағдайлар автобуста жиі кездеседі екен. Десе де тұрғындардан карантин ережесін бұзбауын өтінеміз дейді жүргізушілер.
«Кейбір адамдар тақпайды. Үндемей отыра береді. Не істейсің ол жерде? Бізге негізі түсіріңдер, міңгізбеңдер дейді. Түсіріп тастаймыз», – деді автобус жүргізушісі Бекзат Асқаров.
Сондай-ақ, мониторингілеу барысында аудандағы оннан аса қоғамдық көлікте дене қызуын өлшейтін құрылғылар мен санитайзерлердің бар-жоғы тексерілді. Жолаушыларға арақашықтық сақтаудың маңыздылығы ескеріліп, жүргізушілердің жұмыс режимі де бақыланды.
«Бүгін қоғамдық көліктердегі жолаушыларды тексеру барысында санитариялық талаптың сақталуы қадағаланды. Құқық бұзушылықтар анықталса, әкімшілік жаза қолданылатын болады. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілер тарапынан нысандарды басқарушыларға да түсіндіру шаралары жүргізілуде», – деді Әуезов ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Жанар Смадинова.
Алдағы уақытта қоғамдық көліктердегі осындай мониторингілеу шаралары жалғаспақ. Ал, ереже ескерілмеген жағдайда 83 мың теңге көлемінде айыппұл салынатын болады. Тек, әрбір саналы шаһар тұрғыны карантин талаптарын қатаң сақтауы қажет.
Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы