Екпе алдым деп еркінсуге болмайды. Мониторингтік топ өкілдері қоғамдық орындардағы маска режимінің сақталуына байланысты тексерісті күшейтті. Бүгін Медеу ауданының мамандары қоғамдық көліктерде бетперде тақпаған жолаушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Тәртіпке бағынбағандарға айыппұл салды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Адамдардың бетпердесіз қоғамдық көліктерге мініп-түсіп жатқанына көз үйреніп барады. Енді арнайы мамандар қоғамдық көліктердегі бетперде режимінің қаншалықты сақталып жатқанын тексеретін болады. Соңғы уақытта тұрғындардың автобустарда маска тағуға салғырт қарайтыны байқалады. Сондықтан мамандар бүгіннен бастап рейд жұмыстарын жүргізбек.
Медеу ауданының мониторингтік тобы аялдамаға келіп тоқтаған әрбір қоғамдық көлікті тексеріп шықты. Жұрттың көбі ішке кірген тексерушілерді байқаған кезде ғана апыл-ғұпыл маскаларын тағып алып жатты. Бірақ «бетперде тағыңыз» деген пәрменге пысқырып қарамағандар да табылды. Маска таққысы келмеген бір азаматқа 87 мың теңге айыппұл салынды. Тағы бір ер адам маска тағу, тақпауды «өзім білемге» салып, біраз қарсылық танытты.
Тұмшалануды елемейтіндердің дені жастар екені байқалады. Мына жасөспірімдерде тағатын бетперделері де жоқ екен. Олар «күнде осылай жүреміз, бәрі де солай жүр» деп ақталды.
Сондай-ақ, жолаушыларға ескертпек түгілі өзі де бетпердесіз отырған № 128 автобустың жүргізушісі де айыппұл арқалады.
«Автопарк директорларына, басшыларына ескертілді. Осындай мониторингтік топтар жұмыс істейді, айыппұл салынады деп ескертілген болатын. Өкінішке қарай, маска тағудан бас тартқан адамдар бар», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Қайрат Нұрқасымов.
«Вакцина алдық, енді маска тақпауға болады деген жаңсақ түсінік» дейді мамандар. Сондықтан да бүгін олар қалалықтарға түсіндіру жұмыстарын жасады.
«Халықтың көпшілігі «вакцина біз алдық, енді маскасыз жүреміз» деп қате ойлайды. Ол – дұрыс емес. Қоғамдық орындарда әр адам маска тағып жүргені дұрыс. Вакцина алса да, адам вирус тасымалдаушы болуы мүмкін. Сондықтан бетперде тағып жүру өте маңызды», – деді Медеу аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкері Оян Зиядан.
Дегенмен алматылықтар әлі де қауіп сейілмегенін түсінеді. Кей жолаушылар елді бетперде режимін сақтауға шақырды. Ал тәртіпке бағынбағандар жауапкершілікті сезінуі керек деген пікірлер айтылды.
«Ол біріншіден өзіне сосын жан-жағындағыларға зиянын тигізуі мүмкін. Көпшіліктің ішінде ауыратын адам болса, өзіне жұғады. Сол үшін маска тағып жүрген дұрыс деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Бақыт Шакиев.
Мұндай тексерулер алдағы уақытта да жалғасын табады. Бақылаушылар қоғамдық орындарға барғанда міндетті түрде маска тағып жүруді тағы ескертеді. Бүгін Медеу ауданында 50 шақты автобус пен троллейбус тексеріліп, 2 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы