Бұл күндері көптеген мемлекеттік қызметтермен қатар, коронавируспен күреске еліміздің қарулы күштері де бір адамдай жұмылдырылды. Нұр-Сұлтанда қазір қауіпті індеттің одан әрі таралмауын қамтамасыз ететін кең көлемді әскери операция жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бір мезетте шаһардың шаңы мен шуы сап тиылды. Қытайдағы ауырғандардың санын сырттан санап отырғанда коронавирустың бізге қалай кеп қалғанын түсінбей дал болдық. Енді, міне, вирус жұқтырғандар күн санап көбеюде. Дәрігерлер кеселмен күресу үшін карантинде отырып, тазалақты сақтайықшы деп шырылдауда. Ал, біз елде төтенше жағдай жарияланғаннан бері полиция, дәрігер, әскерилермен бірге тынымсыз еңбек етіп жатырмыз. Мұндай жанкештілік көрерменге шынайы әрі жедел ақпарат жетуі үшін. Дәл қазір де коронавируспен күрес жұмыстарын өз көзімізбен көріп қайтуды шештік.
Елімізде коронавируспен күреске барлық күш жұмылдырылған. Солардың бірі – әскери полиция. Дәл қазір кеселмен күресу үшін дезинфекция жұмыстарына басымдық берілуде. Көліктер де соған сақайдай сай тұр. Осы көліктермен бірге, көшелерде дезинфекция жұмыстарының қалай жүргізілетініне куә боламыз.
Дәл қазір біз 68-655 әскери бөлімшесінде тұрмыз. Жаңа өздеріңіз көргендей техникалар сақадай сай. Бұл техникалар не үшін, қандай мақсатта қолданылатынын колоннаның жетекшісі Досбол Қосшановтан білетін боламыз.
– Досбол, айтып өтсеңіз, мына техникалар қаланың ішінде қалай қызмет атқарып жатыр?
– Бұл көлік құралдары қаладағы жекелеген нысандарды дезинфекциялауға арналған. Біз әскери полиция қызметкерлері әр көлікке бір әскериден бекіттік. Қозғалыс бағытын көрсетеміз. Жол қозғалысының, әскерилердің қауіпсіздігіне жауап береміз. Күнделікті осындай АРС 10 көлігі қалаға шығып тұрады. 250 жұмылдырылып жатыр. Әр бағытта 7-8 нысан бар. Күнделікті 80-85 аялдаманы да өңдейміз.
– Мынаның ішінде қандай зат, сұйықтық бар?
– Оның ішінде 1 пайыздық ерітінді, «Рубеж» деген раствор бар. Сумен араластырылған. Соны қаланың ішіне себеді.
Өздеріңіз көргендеріңіздей, әскери полиция қаланың ішінде дезинфекция жұмысына атсалысуда. Дәл қазір біз Нұр-Сұлтан қаласындағы қорғаныс бекеттерінің бірінде тұрмыз. Мұндай қалада алты бекет орнатылған. Ал, бұл Нұр-Сұлтан – Қарағанды тасжолындағы бекет. Өздеріңіз көріп тұрғандай, Ішкі істер министрлігінің полицейлерімен бірге әскери полицейлер бұл жерде жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінің техникалары осында тұр. Және де өздеріңіз көріп тұрғандай тек қана бұл жерден жүк көліктері ғана өткізіліп жатыр. Яғни барынша сақтық, қорғаныс шаралары қатаң қолға алынғаны көрініп тұр.
Бұл жерде әскери полицияның қызметі қандай екенін №1 қорғаныс бекетіндегі әскери полиция өкілі Әлібек Мырзахметовтен сұрайық және техника не үшін қойылғанын айтып берсін.
– Бұл жерде сіздер қандай қызмет атқарып жатырсыздар?
– Қазір Қарағанды-Нұр-Сұлтан №1 блок-постында әскери полицейлер жол-патрульдік полицейлерімен бірге қызметін жүзеге асырып жатыр. Өткізу тәртібін қадағалап тұрмыз. Арлы-берді мекенжай анықтамасы бойынша өтіп жатқан азаматтар мен техникаларды бақылаудамыз.
– Мына техника туралы айтып өтіңізші?
– Бұл техника әскери хамер. Ол төтенше жағдайға арналған. Адамдар бекет арқылы өтіп жатыр. Қауіпсіздік сақталуы керек. Егер дабыл болса, бұл техниканы қолданамыз.
– Осы жерде сіздерге жағдай жасалған ба? Қай жерде тамақ ішіп, демаласыздар?
– Иә, әскери қызметкерлер кезекпен жұмыс істеп жатыр. Бізге жағдай жасалды. Осы жерде шатырымыз құрылған. Асхана, демалатын орнымыз сонда.
Әскерилердің айтып тұрғаны осы шатыр. Осының ішінде демалып, тамақ ішеді. Бірақ олардың қауіпсіздігі үшін бізге ішіне кіруге рұқсат берген жоқ. Себебі қазір барлығы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Қазір вокзал, әуежайлар жұмысын тоқтатқаны белгілі. Дегенмен бұл жерлерде де сақтық шаралары барынша қолға алынған. Яғни әскери полиция мен жергілікті полиция бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Міне, дәл қазір сол саланың маманы, әскери полиция ефрейтері Ермек ӘБЕНБАЕВ қасымызға келіп жетті. Өздерінен сұрап білсек.
– Біздің міндетіміз жергілікті полициямен бірге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жұмыс жасап жатырмыз.
– Қазір тәртіп қаншалықты сақталып жатыр?
– Тәртіп сақталып жатыр. Қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру мақсатында біз алдын алып жатырмыз десек болады. Ешқандай жағдай тіркелген жоқ десек болады.
– Жолаушылар түсінбей келіп жатқандары бар шығар. Сіздер түсіндіріп айтып жатқан боларсыздар?
Нұрдәулет Тұрсынхан, жергілікті полиция кіші сержанты:
– Иә, осында вокзалға келеді адамдар. Келгенде біз барлығын түсіндіреміз. Олар билет өткізуге келеді. Біз бағыт-бағдарын көрсетіп, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын өтінеміз. Сол себепті біз осында тәулік бойы қызмет атқарып жүрміз.
Бүгін біз қазіргі каратин жағдайында әскери полицияның жұмысына куә болдық. Олар өздерінің денсаулықтарында қауіпке тігіп, еңбек етіп жатыр. Сондықтан қазір кеселдің кең етек жаймауына күш салып жатқандаржың еңбегін бағалап, вирустың таралмауына бірге атсалысайық.
Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан