Азаматша Шиелі ауданының жұмыссыз жүрген 20 азаматының жеке куәлігі көшірмесін алдау жолымен алған
Қызылорда облысында жалған несие құжатын әзірлеп, жеке бас пайдасына жаратқан әйел жазаға тартылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Азаматша Шиелі ауданының жұмыссыз жүрген 20 азаматының жеке куәлігі көшірмесін алдау жолымен алған. Оларды құрылтайшы ретінде біріктіріп, аса ірі көлемде несие қаражатын иемдену мақсатында «Арна-1» ЖШС-ін құрған. Оған өзін басшы ретінде тағайындаған.
«Содан кейін мүйізді ірі қара өсірумен айналысатын шаруашылық құру және дамыту мақсатында 60 млн теңге несие алуға бизнес жоспар әзірлеген. Осы мақсатта 60 млн теңгеге қол жеткізген. Екі құрылтайшыға 3 млн теңге аударып, құрылтайшылар атынан жалған несие құжатын әзірлеу арқылы қалған 54 млн теңгені жеке бас пайдасына жаратқан. Тергеу барысында жүргізілген қолтаңбалық сараптамалар арқылы құрылтайшылардың барлық құжаттағы қолтаңбасын күдіктінің өзі орындағаны анықталды. Қазірге дейін несие қарызын өтелмеген», - деді Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінен.
Ведомство мәліметінше, Шиелі аудандық сотының үкімімен азаматша бөтеннің мүлкін алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
«Барлық мерзімге пробациялық бақылау белгіленді. Оған қоса 17 азаматтың құқығы қалпына келтірілген. Олардың сыртынан рәсімделген несие бойынша міндеттеме алынып тасталды. Мүліктері қойылған тыйымнан босатылды», - деп толықтырды департаменттен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған алматылық әйел жазаға тартылды.