ҰҚК Шекара қызметінің "Алматы" шекаралық бақылау басқармасы ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментімен бірлесіп және прокуратураның үйлестіруімен Ауғанстан азаматтарының Ресейге заңсыз көшіп-қону арнасының жолын кесті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олар Қазақстан арқылы Еуропа елдеріне өтпек болған.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің нақтылауынша, 16 наурызда төрт ауған азаматы шенеунікке 5 мың доллар көлемінде пара бермек болған жерінде ұсталды.
- Тергеу деректері бойынша, бұл қаражат Испания мен Португалия елдерінің жалған төлқұжаттарын пайдаланып, Алматы халықаралық әуежайы арқылы шетелдіктерді тасымалдауды ұйымдастыруға арналған. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 394-бабының 1-бөлігінде және 367-бапта көзделген қылмыстар бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, - деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
Соттың санкциясымен ұсталған тұлғаларға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.
Оқи отырыңыз: Бұрынғы әйелін кепілдікке алған түркістандық қамауға алынды