Павлодарда жоғары оқу орындарының студентіне несие алдыртқан 22 жастағы облыс тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сәуір айында студентке бір танысы келіп, оның атына тауарлық несие алуын сұраған.
«Ол студенттің ұялы телефонын пайдаланып, бір миллион теңгеден астам сомаға тауарлық несие алған. Кейін банктерге төлем жасамай, мүлдем байланысқа шықпай қойған. Оның алданғанын түсінген студент полицияға арыз жазды», – деп хабарлады Павлодар қаласының полиция басқармасының бастығы Ермек Әлжанов.
Ұсталған адамға қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы – келу туралы міндеттеме алынды.