Шығыс Қазақстанда 2 жылдан астам уақыт ақша бопсалаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚР Ішкі істер органдарының медиасының хабарлауынша қылмыскер 49 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны болып шықты.
«Мамыр айында ШҚО ПД Криминалдық полиция басқармасына облыс орталығының тұрғыны 2020 жылдың мамыр айынан бастап 2022 жылдың сәуір айына дейін 54 жастағы ер адамнан ақшалай қаражатты бопсалаумен айналысатыны туралы жедел ақпарат келіп түсті. Келіп түскен хабарды тексеру барысында ақпарат расталды – облыс орталығының 49 жастағы тұрғыны бопсалаушылық бойынша күдікті ретінде ұсталды», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, күдікті өзінің физикалық артықшылығын пайдаланып, жәбірленушіден әр түрлі сомадағы ақшаны жүйелі түрде талап еткен. Алғаш рет 150 000 теңге алып, содан кейін соманы көбейте бастаған. Жәбірленуші қылмыскердің талабын орындау үшін өз атына несие алуға, тіпті анасының пәтерін сатудан түскен қаражаттың бір бөлігін беруге мәжбүр болған.
Қылмыскер тағы да 2 млн теңге алу кезінде ұсталды. Жалпы 2 жыл ішінде оның қылмыстық әрекеттерінен келтірілген залал 50 млн теңгені құраған.
«Қазіргі уақытта күдікті ұсталды, оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабы 4-бөлігі аса ірі мөлшерде жасалған қорқытып алушылық бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - деді Полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Аталған бап бойынша жеті жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.