Қазақстандықтар республикалық маңызы бар жолдардағы жол белгілерін ұрлауды қоймаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі "ҚазАвтоЖол" мәліметіне сілтеме жасап.
Республикалық маңызы бар жолдарды тұрақты патрульдеуге және профилактикалық ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қарамастан, жыл сайын жол инфрақұрылымы элементтерін ұрлау деректері тіркелген.
"Алайда, былтырғымен салыстырғанда жол инфрақұрылымы элементтерін ұрлау деректері азайған. Мәселен, 2023 жылдың басынан бері республикалық маңыздағы күре жолдардан шамамен 20 миллион теңге сомаға жол инфрақұрылымы элементтері ұрланған (салыстырмалы түрде, 2021 жылы бұл шығын 60 миллион теңгеден асқан болатын).
Жол бойынан көбінесе жол белгілері, үй жануарларының жолға шығып кетуінен қорғайтын торлы қоршаулар, катафоттар мен стробоскоптар ұрланады. Белгісіз адамдар жарық бағыттайтын екі үлкен трансформаторды ұрлаған жағдайлар да тіркелді", - делінген хабарламада.
Ұрланған жол инфрақұрылымы элементтері көбінесе тұрмыстық мақсаттарда қолданылады (фотодағыдай): төртбұрышты жол белгілерінен - күректер, дөңгелек пішінді жол белгілерінен - табалар мен қазандарға арналған қақпақтар, үй жануарларының жолға шығып кетуінен қорғайтын торлардан үй қоршаулары жасалса, жарықдиодты катафоттар велосипедтерге бекітіледі екен.
"Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын пайдаланушылардан мемлекеттік мүлікті ұқыпты ұстауға шақырамыз. Жол бойында орналасқан барлық жол инфрақұрылымы элементтері қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл мәселеде азаматтарымыздың жеке жауапкершілігі өте маңызды",- делінген хабарламада.