Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соты Құлсары қаласындағы балабақшаны қиратқан мектеп оқушыларының ата-аналарына айыппұл салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақжайыққа сілтеме жасап.
Еске салсақ, бұл сұмдық оқиға қазан айының басында орын алды. Содан кейін әлеуметтік желіде мектепке дейінгі мекемеге жасалған шапқыншылық салдары туралы видео тараған болатын. Жылыой ауданының полицейлері 6-7-сыныптың алты оқушысының жергілікті балабақшаға кіргенін, есіктің әйнегін сындырып, гүлдерді, жиһаздарды, ойыншықтарды шашып, өрт сөндіргіштерді шашқанын анықтады. Нәтижесінде жасөспірімдердің ата-аналары «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін» (ӘҚБтК-нің 127-бабы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ата-аналар балалардың кінәсін мойындап, ең төменгі айыппұл тағайындауды сұраған.
«Кінәні мойындаған кезде сот әкімшілік айыппұл сомасын 30%-ға азайтуға құқылы. Сот құқық бұзушылықтың сипатын, заңды өкілдерінің жеке басын, олардың құқық бұзушылық жасалғанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, сондай-ақ ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, оларға 21 441 теңге айыппұл түрінде әкімшілік жаза тағайындады», - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ. Кейіннен балабақша әкімшілігі сот арқылы немесе ерікті түрде келтірілген материалдық залалды өтеуді талап етуге құқылы.