Маңғыстауда жүкті әйелін пышақтаған күдікті ұсталды

Almaty TV
Almaty TV

Жәбірленушіге ота жасалып, дәрігердің бақылауына алынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Демалыс күндері Маңғыстау облысында болған жағдай елдің есін алып, мазасын қашырды. Мұнайлы ауданындағы қаскөйдің әрекеті әп-сәтте әлеуметтік жеілге тарап үлгерген еді. Мұнда ер адам дүйім жұрттың көзінше әйелін суық қарумен жаралап, қансырап жатқан жәбірленушіні тепкінің астына алған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқиға орнында түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде желдей есіп, тез тарап кетті. Көзі қанға толған қылмыскер қолындағы пышақпен айналасындағыларға тап беріп, әйелін сол жерде пышақтап, артынша соққының астына алған. Көпшілік тоқтатпақ болып еді, қолдарынан түк келмеді. Қылмыскер тіпті полиция қызметкерлерін де маңайына жолатпады.

– Жұбайына пышақ салу дерегі бойынша, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Кісі өлтіруге оқталу дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленуші медициналық мекемесінде отыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді, – деді  Полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов.

Абырой болғанда, таяқ жеп қана қоймай, пышақталған жәбірленуші аман. 2000 жылы туған әйел бірден облыстық ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Оған бірнеше ота жасалып, дәрігерлердің бақылауына алынған. Ақ халаттылар азаматтың жағдайын толық тексерген соң, жүктіліктің оныншы аптасында екенін анықтаған. Мамандар науқастың жағдайын ауыр деп бағалап отыр.

– Кезекші дәрігерлер науқасты тексеріп, зертханалық анализдерін қарап, шұғыл түрде операция жасады. Науқастың диафрагма мен бауыры, ішкі қабырғалары, өкпе тіндері зақымдалған. Қол-аяқтың жоғарғы және төменгі бөлігі бірнеше рет пышақталған. Науқас жүкті, құрсақтағы баласы аман. Қазіргі науқастың жағдайы тұрақты ауыр. Есін біледі және біркелкі. Гемодинамикасы тұрақты. Дәрігерлердің бақылауында. Жансақтау бөлімінде емделіп жатыр, – деді облыстық аурухананың баспасөз хатшысы Жұлдызай Қалиева.

Қылмыскер оқиға орнынан сытылып кетпек болған. Дегенмен жедел жасақ оны алысқа ұзата қоймады. Қылмыс орнына келген тәртіп сақшылар оның қолына кісен салып, уақытша ұстау изоляторына жапқан. Ол сот алдында жауап беретін болады. Ал қылмыс болған сәтте кінәлі адамды ұстамай, оқиға орнында әрекетсіздік танытқан тәртіп сақшыларына қатысты тексеру жүргізіледі.

Оқи отырыңыз: Бала өлімі: балабақша директоры мен тәрбиешісі үйқамаққа алынды

 

 

 

 

 

 

 

Новости партнеров