Әлеуметтік желіде полицейлердің қарулы азаматты қуған видеосы жарияланды. Желі қолданушылары бұл – Қостанай облысындағы күдіктіні ұстау сәті дейді. Видеодан қолында пышағы бар азамат, тәртіп сақшыларының формасын киген адамдардан қашып бара жатқанын көруге болады, деп хабарлайды Almaty.tv
Осы жерден видео үзіледі. Облыстық полиция департаменті 24 мамырда Новое ауылында жантүршігерлік оқиға болғанын мәлімдеді. Әйел адам өз үйінде 23 жерінен пышақталып көз жұмған. Марқұмның денесін анасы тауып алыпты. Күдікті көршісі болып шықты. Маңайдағы тұрғындар ер адамның үйден жүгіріп шыққанын айтқан. Жедел іздестіру кезінде ауылдан 40 шақырым жерден әлгі азамат ұсталды.
«30 минут бойы берілмей, алдына келгеннің бәріне пышақ кезеп жүрді. Кез келген адамды өлтіріп тастауға дайын тұрған еді. Өте ашулы болды», – деді марқұмның туысы Ниязи Гусейнов.
Полицейлердің бірі қару қолданбай күдіктінің қолындағы пышақты алмақшы болады. Алайда, ашуға булыққан қылмыскер оның қолын жарақаттайды. Сол кезде тәртіп сақшылары қарсылық танытқан адамға оқ атқан.