Атырау облысы Индер ауданында екі баланың өліміне себеп болған қайғылы жағдайға байланысты прокуратура тергеуді бастады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазір қылмысқа қатысы бар деген күдіктіге «Адам өліміне әкеп соғу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Айта кетейік, оқыс оқиға 25 сәуірде болған. Алдын ала болжам бойынша, ер адам пәтерге жанармай шашып, әуелі өрт ұйымдастырған. Апат кезінде баспана ішінде 7 және 10 жастағы екі бала мен олардың ата-анасы болыпты. Жеткіншектер оқиға орнында жантәсілім етті. Ал екі ересек адам жансақтау бөлімінде жатыр.
– Қылмыстық іс шеңберінде прокуратураның тікелей үйлестіруімен тәжірибелі қызметкерлердің қатарынан жедел-тергеу тобы құрылып, қылмыстың ізі суымай ашылды және БҚО-ның 32 жастағы тумасы, Тайпақ ауылының тұрғыны ұсталды. Қажетті сараптамалар тағайындалғанын, қылмыстық іс прокуратураның қадағалауында және қатаң бақылауында болатынын хабарлаймын, – деді Индер ауданының прокуроры Абзал Сахиев.
Оқи отырыңыз: Гуманитарлық көмек жеткізуші тікұшақ апатқа ұшырап, сегіз адам көз жұмды