Түркістан облысында 1,5 жыл бойы іздеуде жүрген қылмыстық топ ұсталды. Олар 2019 жылдан бері мал ұрлығымен айналысып келген. Ұйымдасқан топ өңірдегі түрлі мекенжайдан ірі қара малды жымқырып, сатып отырған. Бүгінге дейін құны 70 млн теңге болатын 150-ден астам жылқы мен сиырларды қолды қылған көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Облыстық Полиция департаменті қызметкерлерінің айтуынша, осы қылмысқа қатысты 5 адам ұсталған. Алтыншы адам, яғни малды сатумен айналысқан сезікті 1,5 жарым жыл бойына іздеуде жүрген еді. Тәртіп сақшылары оны Қызылорда облысының Байқоңыр қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде жасырынып жүрген жерінен тапқан. Күдікті қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр.
«14-24 қараша аралығында 10 күндік мал ұрлығы атты іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Аталған шараның нәтижесінде мал ұрлығымен айналысып жүрген 2 қылмыстық топ ұсталды. Қазіргі таңда олардың бұрын жасалған қылмыстар жөнінде тергеу амалдары жүріп жатыр», – деді облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Жасұлан Нысанбай